Қазақстандық ғалымдар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға арналған инновациялық өнім әзірледі

Қазақстандық ғалымдар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға арналған инновациялық өнім әзірледі

Қазақстандық ғалымдар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға арналған инновациялық өнім әзірледі

Ғылымды мемлекеттік қолдау және оны өндіріске енгізу бағытында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асырды. Ғылым қорының гранттық қаржыландыруы аясында зерттеушілер тобы органикалық ауыл шаруашылығында қолдануға арналған инновациялық бифункционалды «NanoKukirt» препаратын әзірледі.

Отандық өнім сұйықтық және суспензия түрінде шығарылады. Препарат экологиялық қауіпсіз тыңайтқыш ретінде және өсімдіктерді саңырауқұлақ ауруларынан кешенді қорғау құралы ретінде жоғары тиімділік көрсетіп отыр.

Өсімдіктер үшін аса маңызды элемент болып саналатын күкірттің препарат құрамындағы үлесі 25%, ал кальцийдің үлесі 5%-ды құрайды. Жоба жетекшісі, профессор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың айтуынша, препарат құрамында зиянды химиялық элементтердің болмауы оны органикалық егіншілікке арналған экологиялық қауіпсіз өнім ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

ҚазҰУ-дың Агробиостанциясында және Түркістан облысының егіс алқаптарында жүргізілген тәжірибелік сынақтар әзірлеменің жоғары әлеуетін көрсетті. «NanoKukirt» препаратын дәнді, көкөніс және бұршақ дақылдарына қолдану тамыр жүйесінің дамуына, түйнек түзілуінің жеделдеуіне, сондай-ақ өсімдіктердің азотпен қоректенуінің жақсаруына ықпал етті. Зерттеу барысында топырақтың микробиологиялық жағдайы да зерделеніп, препаратты қолданудың оңтайлы концентрациялары анықталды.

«Жүгері егістігінде жүргізілген сынақтар барысында тұқымды 2 пайыздық «NanoKukirt» ерітіндісіне 24 сағат бойы жібіту арқылы өнімділікті гектарына 20,41 тоннадан 61,22 тоннаға дейін, яғни үш есеге арттыруға мүмкіндік туды. Сонымен қатар өсімдіктердің фитопатогенді саңырауқұлақтарға төзімділігі айтарлықтай артып, ауруға шалдығу деңгейі төмендеді», – деді ҚазҰУ-дың ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ұлтанбекова.

Бүгінде отандық өнім органикалық ауыл шаруашылығында қолдануға ресми сертификат алды. Өнім өндірісі бекітілген ұйым стандартына сәйкес жолға қойылған. Қазіргі уақытта жоба аясында 15 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Олардың алтауы өндірістік цехтағы жұмыстарға тікелей тартылған.