
Бүгін, 17 қыркүйекте, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Корея Республикасының Тэджон қаласындағы Вусонг университетінде (Woosong University) дәріс оқыды.
Дәріс барысында министр Қазақстандағы ғылым мен жоғары білімді дамытудың негізгі басымдықтарын таныстырды. Оның ішінде іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамыту, адами капиталды нығайту, инновацияларды енгізу, білім беруді цифрлық трансформациялау, сондай-ақ халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар зерттеу әлеуетін арттыру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау және заманауи технологияларды білім беру үдерісіне енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Вусонг университеті – Қазақстанның жоғары білім саласындағы серіктестерінің бірі. 2025 жылы университет Түркістан қаласында филиалын ашып, академиялық алмасуды дамытуға, бірлескен білім беру жобаларын іске асыруға және халықаралық құзыреттері бар мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер қалыптастырды. Корея Республикасының жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату – Қазақстанның ғылым және жоғары білім саласындағы халықаралық байланыстарын дамытудың маңызды бағыттарының бірі.
Іс-шара ғылым, жоғары білім және инновациялар салаларындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығын нығайту, халықаралық ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейту және академиялық серіктестікті дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы болды.