
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сеул қаласындағы Korea University-де дәріс оқып, халықаралық академиялық қауымдастыққа Қазақстандағы ғылым мен жоғары білімді дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды.
Дәріс барысында министр мамандар даярлау сапасын арттыруға, ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға және бәсекеге қабілетті адами капиталды қалыптастыруға бағытталған жоғары білім мен ғылым жүйесіндегі өзгерістер туралы айтып берді. Сондай-ақ іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға, ғылыми инфрақұрылымды нығайтуға, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға және инновацияларды енгізуге ерекше назар аударылды.
Кездесудің тағы бір бөлігі ғылым мен білім беруді цифрлық трансформациялауға арналды. Саясат Нұрбек білім беру үдерісін жаңғыртуда, зерттеу құзыреттерін дамытуда, сондай-ақ студенттерге, оқытушылар мен ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер ашуда жасанды интеллект пен озық цифрлық технологиялардың маңызын атап өтті.
Министр Қазақстанның халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытудағы басымдықтарына да тоқталды. Олардың қатарында академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, халықаралық ғылыми жобаларды іске асыру, сондай-ақ түрлі елдердің жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға жағдай жасау бар.
Дәріс барысында Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға да ерекше мән берілді. Ғылым және жоғары білім саласында бірлескен зерттеулер жүргізу, кадрлар даярлау, академиялық тәжірибе алмасу және жаңа технологиялық бағыттарды дамыту бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге зор мүмкіндік бар.
«Қазақстан үшін Корея Республикасы ғылымды, технологияларды және жоғары білімді дамытудағы маңызды серіктес. Біз тәжірибе алмасумен ғана шектелмей, жаңа құзыреттерді дамытуға және елдеріміз арасындағы академиялық байланысты нығайтуға ықпал ететін бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға мүдделіміз», – деді министр.
Korea University Корея Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналады. Университет білім беру, ғылым және халықаралық ынтымақтастық салаларында елеулі әлеуетке ие. Бұл дәріс Кореяның академиялық қауымдастығына Қазақстанның ғылым мен жоғары білім саласындағы басымдықтарын таныстыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Корея арасындағы академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.