
Сәтбаев университетінде 35 елден келген шетелдік студенттердің қатысуымен «Welcome to Kazakhstan!» мәдени-танымдық кеші өтті. Іс-шараның мақсаты – шетелдік жастарды қазақ халқының мәдениетімен, ұлттық тағамдарымен, салт-дәстүрі және ұлттық ойындарымен таныстыру.
Бүгінде Сәтбаев университетінде 2 348 шетелдік студент білім алып жатыр. Мәдени-танымдық кеш студенттерге Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы жаңа ақпарат алып, өзара тәжірибе алмасуға және жаңа ортаға жақынырақ бейімделуге мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында студенттер домбыраның үніне құлақ түріп, қазақтың күй өнерімен танысты, ұлттық тағамдардан дәм татты. Сондай-ақ асық атып, тоғызқұмалақ ойнап, қазақтың ұлттық ойындарына қатысты. Өз кезегінде шетелдік студенттер өз елдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы әңгімелеп, мәдениеттер арасындағы өзара байланысты нығайта түсті.
Халықаралық білім беруді дамыту және шетелдік студенттердің Қазақстанның жоғары оқу орындарына қызығушылығын арттыру – жоғары білім беру саласындағы басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші академиялық және ғылыми орталықтардың бірі ретіндегі рөлін нығайту міндетін қойған.
Осы бағытта ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Study in Kazakhstan бастамасы шетелдік жастарды еліміздің жоғары оқу орындарымен, білім беру бағдарламаларымен және Қазақстанда білім алу мүмкіндіктерімен таныстыруға бағытталған. Сәтбаев университетінде өткен «Welcome to Kazakhstan!» кеші де осы жұмыстың маңызды бөлігі болды.
«Қазақстанға білім алуға келген әрбір студент өзін осында өз үйіндегідей сезінгенін қалаймыз. Біз үшін шетелдік студенттердің сапалы білім алуы, жаңа достар табуы, біздің мәдениетімізбен танысып, өз мәдениетімен бөлісуі өте маңызды. Бүгінгі студенттер ертең елдерімізді жақындастыратын азаматтарға айналады. Білім арқылы орнаған байланыс ұзақ жылдар бойы жалғасады», – деді Сәтбаев университетінің проректоры Сапар Шалабаев.
Іс-шара бағдарламасының бір бөлігі университеттің тарихы мен ғылыми мұрасына арналды. Шетелдік студенттерге көрнекті ғалым, геолог, академик Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми қызметі, сондай-ақ оның Қазақстан ғылымы мен өнеркәсібінің дамуына қосқан үлесі туралы ағылшын тілінде ақпарат берілді.