«Таза Қазақстан»: Қорқыт ата университеті ғалымдары су экожүйелерін зерттеуде

«Таза Қазақстан»: Қорқыт ата университеті ғалымдары су экожүйелерін зерттеуде

«Таза Қазақстан»: Қорқыт ата университеті ғалымдары су экожүйелерін зерттеуде

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы ғылыми зерттеулердің маңызы артып келеді. Осы ретте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының халықаралық ғылыми жобаға қатысуы – өңірдегі экологиялық мәселелерді заманауи технологиялар арқылы шешуге бағытталған маңызды қадам.

Жобаның өзектілігі қазіргі кезеңдегі жаһандық экологиялық өзгерістермен тікелей байланысты. Климаттың өзгеруі, су тасқындарының жиілеуі, су экожүйелерінің деградациясы және су ресурстарына түсетін антропогендік қысым табиғи нысандардың жай-күйін тұрақты әрі дәл бақылауды талап етеді. Әсіресе су ресурстарының сапасы мен қауіпсіздігін бағалау, өзгерістерді ерте анықтау және ықтимал экологиялық тәуекелдердің алдын алу – тұрақты дамудың маңызды шарттарының бірі.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары HORIZON-MSCA-2025-SE-01-01 халықаралық бағдарламасы аясында су нысандарын жоғары дәлдікпен мониторингілеуге арналған жетілдірілген кванттық лавиналық детекторларды әзірлеуге бағытталған AQUADETECT ғылыми-технологиялық жобасының жеңімпаздары атанды.

«AQUADETECT жобасы су нысандарын мониторингілеудің жаңа ғылыми-технологиялық тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында бір фотонды анықтауға жоғары сезімталдыққа ие жаңа буын датчиктерімен жабдықталған инновациялық LIDAR оптикалық жүйесін әзірлеу көзделіп отыр.

Жобаны іске асыруға Португалия, Германия, Түркия, Италия, Марокко, Украина, Қазақстан және Әзербайжан елдерінен жетекші ғалымдар мен инженерлер қатысуда», – деді жоба жетекшісі, профессор Нұрбол Аппазов.

Айта кетейік, технологияның практикалық маңызы да жоғары. Жаңа жүйе су тасқыны қаупін бағалау, су нысандарының және теңіз түбінің бедерін карталау, экожүйелердің өзгерістерін бақылау, сондай-ақ суасты тіршілік орталарын зерттеу бағыттарында қолданылуы мүмкін. Мұндай ғылыми шешімдер табиғи ресурстардың жай-күйін жүйелі түрде бағалап, экологиялық қатерлерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.