
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (QyzPU) мен Seoul National University of Science and Technology (SeoulTech) арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат Сеулде өткен «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммиті аясында жасалды. Меморандум жасанды интеллект және цифрлық білім беру, STEM/STEAM, EdTech, ғылыми-зерттеу жобалары, академиялық ұтқырлық, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер арасында тәжірибе алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталған бағыттардың Қазақстан мен Корея арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарудағы маңызын атап өтті.
QyzPU Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова серіктестіктің университет үшін маңызын атап өтті.
«Біз үшін бұл серіктестік техникалық және технологиялық бағыттарды педагогикалық біліммен ұштастыруға мүмкіндік береді. Меморандумға қол қою – осы ынтымақтастықтың алғашқы қадамы. Ендігі міндет – қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдырып, студенттер мен оқытушылар үшін жаңа білім беру және ғылыми мүмкіндіктер қалыптастыру», – деді Бейбіткүл Кәрімова.
Seoul National University of Science and Technology (SeoulTech) – 1910 жылы құрылған Сеулдегі ұлттық университет. Университет инженерия, ғылым және технология салаларындағы практикалық білімді ғылыми зерттеулермен және индустриямен ұштастыруға бағытталған.
QyzPU үшін SeoulTech-пен серіктестік техникалық және технологиялық бағыттарды дамытуға, заманауи технологияларды педагогикалық білім беру жүйесіне енгізуге және халықаралық академиялық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Меморандум екі университет арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің негізін қалыптастырып, білім, ғылым және технология салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға жол ашады. Алдағы кезеңде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты бастамаларға айналдырып, Қазақстан мен Корея арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды одан әрі нығайту көзделеді.