Қазақстан «Корея – Орталық Азия: жасанды интеллект, ғылым және технологиялар саласындағы серіктестік» министрлік кездесуіне қатысты

Қазақстан «Корея – Орталық Азия: жасанды интеллект, ғылым және технологиялар саласындағы серіктестік» министрлік кездесуіне қатысты

Қазақстан «Корея – Орталық Азия: жасанды интеллект, ғылым және технологиялар саласындағы серіктестік» министрлік кездесуіне қатысты

14 қыркүйекте Сеул қаласында алғашқы «Корея – Орталық Азия» саммиті қарсаңында «Корея – Орталық Азия: жасанды интеллект, ғылым және технологиялар саласындағы серіктестік» атты министрлік кездесу өтті.

Корея Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Бэ Кён Хунның төрағалығымен өткен іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.

Іс-шара Корея Республикасы мен Орталық Азияның бес мемлекеті өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллект, ғылым және технологиялар мәселелеріне арналған алғашқы министрлік формат болды.

Қатысушылар жасанды интеллект, ғылым және технологиялар салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, технологиялық серіктестікті дамыту, ғылыми-зерттеу байланыстарын нығайту және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелеріне назар аударылды.

Климаттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді. Жаһандық жасыл өсу институты (GGGI) Орталық Азия елдерінде климаттық технологияларды сынақтан өткізу және енгізу жобаларын кеңейту жөніндегі бастамаларын таныстырды. Бұл бағытта Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлігінің қолдауымен құрылған Климаттық технологияларды жеделдету қорының (CTAF) тетіктері пайдаланылмақ.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Корея Республикасы мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ жасанды интеллект, ғылым және технологиялар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін растады. Бұл ретте ынтымақтастық өзара тиімділік қағидатына және екі өңірдің әлеуетін тиімді пайдалануға негізделетіні атап өтілді.