
FWD Virtual 2026 халықаралық іс-шарасы аясында «Жасанды интеллект дәуірінде кадрларды еңбек нарығына дайындау» тақырыбында панельдік сессия өтті. Талқылауға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Texas A&M университеттер жүйесінің оқытудағы инновациялар жөніндегі вице-канцлер орынбасары Ким Ринирсон және Randstad компаниясының дағдылар мен кадрларды дамыту жөніндегі жаһандық бағытының жетекшісі Ренате Декен қатысты. Пікірталасты Coursera және Udemy компанияларының клиенттермен жұмыс жөніндегі директоры Нирача Тайчахунавуд жүргізді.
Қатысушылар жасанды интеллект дәуірінің талаптарына сай кадр даярлау, цифрлық және адами дағдыларды дамыту, білім беру бағдарламаларын трансформациялау және түлектердің мансапқа дайындығын арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ құзыреттерді дамытудың практикалық тәсілдері мен жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізуге ерекше назар аударылды.
Панельдік сессия барысында Саясат Нұрбек Қазақстанның Coursera платформасымен ынтымақтастығының нәтижелеріне тоқталып, халықаралық онлайн-курстарға қолжетімділікті қамтамасыз етуден бастап, оларды білім беру бағдарламаларына толық енгізуге дейінгі жұмыстың негізгі кезеңдерін атап өтті.
«Үш жыл ішінде халықаралық онлайн-курстарды студенттерге қолжетімді етуден оларды білім беру бағдарламаларының мазмұнына толық енгізуге дейінгі маңызды кезеңдерден өттік. Бұл технологиялар қарқынды дамып, жасанды интеллект, деректерді талдау және киберқауіпсіздік сияқты салаларда жаңа құзыреттер қалыптасып жатқан кезеңде аса маңызды. Coursera платформасымен ынтымақтастықты 2023 жылы 25 өңірлік университеттен бастадық. Бүгінде платформа Қазақстанның 100 жоғары оқу орнында қолданылады. Сонымен қатар онлайн-курстар білім беру бағдарламаларының мазмұнына енгізіліп, оларды оқу нәтижелері ретінде тануға және академиялық кредиттерге қайта есептеуге мүмкіндік берілді. Осылайша, студенттерге еңбек нарығында сұранысқа ие өзекті білім мен құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік беретін икемді білім беру моделін қалыптастырып келеміз», – деді министр.
2023-2025 жылдары білім беру бағдарламаларына 11 984 онлайн-курс енгізіліп, студенттерге 211 726 академиялық кредит қайта есептелді. Платформада алынған білім нәтижелері 190 630 студент үшін ресми танылды.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамыту. 2025 жылы 98 044 білім алушы ЖИ бағыттары бойынша 109 987 сертификат алды. AI-Sana бағдарламасы аясында Coursera осы бағыттағы дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін негізгі платформалардың біріне айналды.
Министр өз сөзінде бағдарламаның нәтижелері студенттердің практикалық жобаларынан да көрінетінін атап өтті. Қазақстандық жоғары оқу орындарының білім алушылары ЖИ технологияларын пайдалана отырып, 100-ден астам стартап пен қолданбалы шешім әзірледі. Олардың қатарында ым тілін аударуға арналған SignBridge, мемлекеттік сатып алуларға пост-аудит жүргізуге арналған Baqylay.kz және церебралды сал ауруы бар балаларға арналған AI-модулі бар SmartWalk құралы бар.
Ынтымақтастық аясында білім беру контентін қазақ және орыс тілдеріне бейімдеуге де көңіл бөлінеді. Бүгінде 171 курс локализацияланды, 16 қазақстандық жоғары оқу орны Coursera платформасында өздерінің жаппай ашық онлайн-курстарын орналастырды. Сонымен қатар 2 мыңнан астам оқытушы Course Builder бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік алды.
Жобаның негізгі серіктестері қатарында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Bilim Upskill бар. Қордың қолдауымен 2023 жылы жоба өңірлерде іске қосылып, 25 жоғары оқу орны мен 23 мың студент қамтылды. Bilim Upskill курстарды аудару және бейімдеу, оқытушыларды оқыту, сондай-ақ онлайн-оқытуды оқу үдерісіне енгізу бойынша жоғары оқу орындарына қолдау көрсетеді.
Бүгінде Coursera Қазақстанның білім беру экожүйесінің бір бөлігіне айналды. Онлайн-оқыту студенттердің қосымша білім алуымен қатар білім беру бағдарламаларын жаңартуға және сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы 255 мыңнан астам білім алушы платформа сертификаттарын алды, ал берілген сертификаттардың жалпы саны 554 784-ке жетті.
2028 жылға дейінгі ынтымақтастықтың келесі кезеңінде Қазақстанның жоғары оқу орындарына жыл сайын кемінде 30 мың лицензия қолжетімді болады. Негізгі басымдық ЖИ курстары мен микробіліктіліктерді білім беру бағдарламаларына енгізуге және еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар туралы деректерді пайдалана отырып, кадр даярлау мазмұнын жедел жаңартуға беріледі.
Бұл тәсіл халықаралық білім беру платформаларының мүмкіндіктерін студенттердің, жоғары оқу орындары мен еңбек нарығының қажеттіліктерімен тығыз байланыстыруға мүмкіндік береді.