
Астанада «Тұрақты болашақ үшін әлеуметтік инвестициялар» атты әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы халықаралық саммитінің ресми ашылуы өтті. Іс-шараға Қазақстаннан және шетелден 700-ге жуық өкіл қатысты. Олардың қатарында Германия, Канада, Малайзия және ТМД елдерінің өкілдері бар. Саммит әлеуметтік кәсіпкерлерді, инвесторларды, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен даму институттарының өкілдерін бір алаңға жинады.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова әлеуметтік кәсіпкерлік қоғамның өзекті мәселелерін шешудің және жауапты кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігіне айналып келе жатқанын атап өтті.
«Әлеуметтік кәсіпкерлік қалыптасқан тәсілдерді өзгертіп, экономикалық тиімділікті қоғамның өзекті мәселелерін шешумен ұштастырады. Әрбір жаңа идея бизнес құрудың негізі ғана емес, адамдарға қолдау көрсетуге, қоршаған ортаны қорғауға және инклюзияны дамытуға бағытталған нақты құрал бола алады. Экономикалық өсімнің шынайы құндылығы оның қоғам игілігіне қызмет етуімен өлшенеді», – деді Гүлзат Ізбасарқызы.
Вице-министр өз сөзінде Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жобалар мен бастамалар жүйелі түрде дамып келетінін атап өтті. Бүгінде 19 жоғары оқу орнының базасында серіктестермен бірлесіп құрылған 75-тен астам зертхана жұмыс істейді. Олардың қатарында 1C Қазақстан, AWS, CISCO Networking Academy, Huawei Technologies Kazakhstan, KEGOC және басқа да компаниялар бар.
Жоғары оқу орындарында әлеуметтік бизнес саласындағы практикалық дағдылар мен құзыреттерді дамытуға бағытталған «Әлеуметтік кәсіпкерлік мектептері» де ашылып жатыр. Қазіргі таңда мұндай мектептер, атап айтқанда, Астана халықаралық университеті мен Алматы Менеджмент Университетінде (AlmaU) жұмыс істейді. Астана халықаралық университетінде магистратура деңгейінде «Әлеуметтік кәсіпкерлік» білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Биыл аталған бағдарламаға 21 магистрант қабылданды.
Жоғары оқу орындары қоғамның нақты мәселелерін шешуге бағытталған әлеуметтік жобаларды да жүзеге асырып келеді. Соның бірі – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Erasmus+ DIANA жобасымен бірлесіп іске асырып жатқан бастамасы.
Студенттік кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері әлемнің 33 елінде жүзеге асырылатын Enactus халықаралық бағдарламасына қатысады. Бағдарлама әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы құзыреттерді дамыту үшін білім беру платформалары арқылы да қосымша мүмкіндіктер ұсынылады. 2023-2026 жылдар аралығында Coursera платформасында 30-дан астам білім алушы әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша курстардан өтті. Оқу бағыттарының қатарында маркетинг стратегияларын әзірлеу, бизнесті бастау және әлеуметтік кәсіпорындарды дамыту курстары бар.
«Мұндай бастамалар студенттердің бойында кәсіпкерлік құзыреттермен қатар әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Білім мен кәсіпкерлікті қоғам игілігіне бағыттай отырып, біз тұрақты әрі үйлесімді дамуға негіз қалаймыз», – деп атап өтті вице-министр.