Қазақстан мен Бельгия критикалық маңызды металдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Бельгия критикалық маңызды металдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Бельгия критикалық маңызды металдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің маңызды басымдықтарының бірі – қолданбалы ғылымды, халықаралық ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын және университеттердің экономиканың нақты секторымен өзара іс-қимылын дамыту. Бұл бағыттар Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айқындалған.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ өкілдері Бельгияға жұмыс сапары барысында критикалық маңызды металдарды өңдеудің заманауи технологияларын зерделеп, еуропалық компаниялармен бірлескен бастамалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеуге уағдаласты.

Қазақстандық делегация түсті, сирек және қайталама металдарды өңдеуге маманданған Hydrometal S.A. және Campine NV компанияларымен келіссөздер жүргізді. Тараптар қазақстандық шикізатты өңдеу, технологиялармен алмасу және пилоттық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға және өндірістің қоршаған ортаға түсіретін жүктемесін азайтуға ерекше назар аударылды.

Делегация Мехелен қаласында өткен ICHS 2026 циклдік гидрометаллургия жөніндегі II халықаралық симпозиумға да қатысты. SOLVOMET аясында және Horizon Europe бағдарламасының жобалары қолдауымен ұйымдастырылған форум Еуропа, Азия және Солтүстік Американың ғылыми орталықтары мен өнеркәсіптік компанияларынан келген 200-ден астам өкілді біріктірді.

Симпозиумды қолдаған жобалардың бірі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті қатысатын Horizon Europe бағдарламасының TiBeRIUM жобасы. Форумда сирек жер элементтерін, литийді, кобальтты және басқа да критикалық маңызды металдарды өңдеу технологиялары таныстырылды. Негізгі назар циклдік гидрометаллургия қағидаттарын практикаға енгізуге, соның ішінде химиялық реагенттерді қайта пайдалануға, су мен энергия шығынын азайтуға және қалдықтарды барынша қысқартуға аударылды.

Сапар аясында ШҚТУ өкілдері KU Leuven ғалымдарымен университетте құрылып жатқан Сирек жер элементтері орталығын дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және жоғары технологиялық салалар үшін кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.

Университеттің, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және Үлбі металлургиялық зауытының ынтымақтастығы ғылыми әзірлемелерді өндірістің нақты міндеттерімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Қол жеткізілген уағдаластықтар технологиялар трансферіне, Қазақстанда минералдық шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге ықпал ететін болады.