Түркістанда Woosong University Kazakhstan студенттерін қабылдау рәсімі өтті

Түркістанда Woosong University Kazakhstan студенттерін қабылдау рәсімі өтті

Түркістанда Woosong University Kazakhstan студенттерін қабылдау рәсімі өтті

Түркістанда Woosong University Kazakhstan-ның бірінші курс студенттерін қабылдау рәсімі өтті. Университет Қазақстанда екінші жыл қатарынан жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлап келеді. Биыл Түркістан облысының әкімдігі университетке бөлген білім гранттарының саны екі есеге артып, 100-ден 200-ге жетті.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Woosong Educational Foundation төрағасы Ким Сонг Кёнг, Woosong University Kazakhstan ректоры Ким Хонг Ги, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Woosong University Kazakhstan ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан халықаралық білім беру жобасы аясында жұмыс істейді. Университет жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға қатысты бағыттар бойынша білікті кадрлар даярлап, студенттерге халықаралық білімді Қазақстанда алуға мүмкіндік беріп отыр.

Жобаның дамуындағы маңызды көрсеткіштердің бірі – білім гранттары санының артуы. Өткен жылы Түркістан облысының әкімдігі университетке 100 грант бөлсе, биыл олардың саны 200-ге дейін көбейді. Грант иегерлері «Жасанды интеллект» және «Деректер туралы ғылым» білім беру бағдарламалары бойынша білім алады.

«Гранттық қолдаудың кеңеюі жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласында мамандар даярлауға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Халықаралық білім беру жобалары студенттерімізге заманауи білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.

Салтанатты рәсімге академиялық алмасу бағдарламалары аясында Қазақстанға бір семестрге келген Корея Республикасының студенттері де қатысты. Олардың қатарында Active Intensive English Program және Cultural Exchange Program бағдарламаларының қатысушылары, Woosong University-дің 32 студенті, оның ішінде Woosong стипендиялық бағдарламалары бойынша білім алып жүрген шетелдік студенттер бар. Сонымен қатар іс-шараға ROTC бағдарламасы аясында әскери даярлықтан өтіп жатқан 17 студент қатысты.

Жаңа оқу жылының басталуына орай студенттерге оқуда және кәсіби дамуда табыс тілектері білдіріліп, жаңа технологиялық салалар үшін кадр даярлауда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы атап өтілді.