Ualikhanov University-де халықаралық Practical Trainee Triesdorf – Kasachstan жобасына қатысушылардың университет басшылығымен, бағдарлама үйлестірушісімен, студенттермен және серіктес компаниялар – CT Agro мен BHK Agro өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында студенттердің Германиядағы оқу және өндірістік тәжірибеден өту нәтижелері қорытындыланып, жобаны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Бағдарламаға Агротехникалық институттың студенттері Рахат Естаулетов, Андрей Утков, Санат Өміржан және Евгений Мелешенко қатысты. Олар Бавариядағы Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университетінде (HSWT) білім алып, теориялық және практикалық білімдерін жетілдірді. Сонымен қатар өндірістік процестермен танысып, аграрлық саладағы заманауи тәсілдерді меңгерді.
Practical Trainee Triesdorf – Kasachstan бағдарламасы оқу мен өндірістік тәжірибені ұштастырады. Студенттер төрт ай бойы Германияда білім алып, одан кейін жұмыс беруші компанияда тәжірибеден өтеді және онлайн-семинарларға қатысады. Бағдарлама қорытындысы бойынша қатысушыларға HSWT сертификаты беріледі.
Қазақстанға оралғаннан кейін студенттер CT Agro және BHK Agro компанияларында практикалық даярлығын жалғастырады. Оқу бағдарламасын аяқтап, диплом алғаннан кейін олар кәсіби қызметін осы компанияларда бастайды.
Биыл жоба Ualikhanov University, Kozybayev University және Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университетін біріктірді. Серіктес жұмыс берушілер студенттердің халықаралық бағдарламаға қатысуына қаржылай қолдау көрсетті.
Аграрлық сектор өңір экономикасында маңызды орын алатын Ақмола облысы үшін мамандарды даярлаудың мұндай форматының маңызы ерекше. Университеттің жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастығы еңбек нарығының қажеттіліктерін студенттерді оқыту кезеңінен бастап ескеруге және олардың бойында салаға қажетті құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Practical Trainee Triesdorf – Kasachstan жобасы академиялық даярлықты, халықаралық тәжірибені және жұмыс берушілер базасындағы практикалық оқытуды бір арнаға тоғыстырады. Бұл тәсіл еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және олардың кейін алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай қалыптастырады.