ҚХР-да білім алған түлектер білім беру саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

ҚХР-да білім алған түлектер білім беру саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

ҚХР-да білім алған түлектер білім беру саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

Астанада Қытай Халық Республикасының жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер мен Қытайда білім алып жатқан қазақстандық студенттердің кездесуі өтті. Іс-шара Қазақстан мен ҚХР арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту және достық байланыстарды нығайту мәселелеріне арналды. Кездесу «Ғажайып Қытайды танып, Қазақстан мен Қытай достығын нығайтайық» атты ұранмен өтті.

Кездесуге Қытайдың Бейжің, Шанхай, Сиань және басқа да білім беру орталықтарында білім алған 150-ге жуық қазақстандық қатысты. Бүгінде Қытайдың жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер мемлекеттік органдарда, халықаралық ұйымдарда, білім беру және ғылыми мекемелерде, дипломатиялық қызметте, бизнес пен бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға өз үлестерін қосып келеді.

Іс-шараны Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Елшілігі және «ҚХР жоғары оқу орындары түлектерінің достастығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Кездесуге Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Еркінбаев, мемлекеттік органдардың, жоғары білім беру ұйымдарының және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу жұмыстары жалғасып келеді. Бүгінде елімізде осындай 33 филиал жұмыс істейді.

Жүзеге асырылып жатқан жобалардың қатарында Астанадағы Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы бар. Оның базасында қытай тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған HSK тестілеу орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар білім алушыларға қос дипломды білім беру бағдарламасына қатысу мүмкіндігі ұсынылған.

Сонымен бірге академиялық ынтымақтастықтың өзара бағыттағы тетіктері де дамып келеді. Биыл  Қытай Халық Республикасының Сучжоу университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық және іскерлік байланыстарды нығайтудағы Қытайдың жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектердің рөліне ерекше назар аударылды. Олардың көпшілігі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, іскерлік байланыстарды және мәдени алмасуларды дамытуға, сондай-ақ қоғамдық дипломатия бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысып, екі ел арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосып келеді.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстан университеттерінде қытай тілін оқытуды кеңейту, ҚХР-да «Болашақ» халықаралық стипендиясы және Қытай Үкіметінің стипендиялық бағдарламалары аясында білім алып жатқан қазақстандық студенттерді қолдау, сондай-ақ түлектер қауымдастығымен өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Бүгінде Қытайдың жоғары оқу орындарында Қазақстанның мыңдаған азаматы білім алып жатыр. Екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық үкіметаралық келісімдер, стипендиялық бағдарламалар, университеттер арасындағы тікелей серіктестік байланыстар, филиалдар ашу және бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы дамып келеді.

Кездесу Қытайдың жоғары оқу орындарын тәмамдаған қазақстандық түлектер, студенттер мен білім беру қауымдастығы өкілдері арасындағы кәсіби және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды. Түлектермен тұрақты өзара іс-қимылды дамыту академиялық және сарапшылық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ білім мен ғылым саласындағы жаңа бастамаларды қолдауға мүмкіндік береді.