Студенттер үйінен цифрлық сервистерге дейін: KNUS жаңа оқу жылына дайын

Студенттер үйінен цифрлық сервистерге дейін: KNUS жаңа оқу жылына дайын

Студенттер үйінен цифрлық сервистерге дейін: KNUS жаңа оқу жылына дайын

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақ ұлттық спорт университеті (KNUS) инфрақұрылымды жетілдіру, цифрлық сервистерді дамыту, сондай-ақ студенттердің білім алуы, тұруы және жан-жақты дамуы үшін заманауи жағдай жасау бағытындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Бүгін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Туризм және спорт министрлігі аппаратының басшысы Роллан Серіков және Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев университетке барып, оның инфрақұрылымының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.

Қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру жұмыстары Мемлекет басшысының жоғары білім беру жүйесін одан әрі дамыту, кадрлар даярлау сапасын арттыру және студенттерге қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып келеді.

Кездесу барысында университет инфрақұрылымының маңызды нысандарының бірі саналатын жаңа Студенттер үйіне ерекше назар аударылды.

Студенттер үйінің жалпы ауданы – 35 785 шаршы метр. Нысан 1 500 орынға арналған және 626 бөлмені қамтиды. Әр бөлмеде 2–3 студенттен тұруға мүмкіндік қарастырылған. Тұрғын бөлмелер жеке шкафтармен, душ және санитарлық тораптармен жабдықталған.

Студенттердің жайлы тұрып, білім алуын қамтамасыз ету үшін Студенттер үйінде асүй, компьютерлік сынып, кітапхана, кір жуатын орын және лифт қарастырылған. Осылайша, студенттік өмірді ұйымдастырудың заманауи талаптарына сай келетін толыққанды орта қалыптастырылған.

«Жаңа оқу жылына дайындық – бұл тек инфрақұрылым мәселесі емес. Ең бастысы – білім сапасы, студенттердің жетістіктері және университеттің халықаралық деңгейде дамуы. Бүгінде KNUS – білім, ғылым, инновация және жоғары жетістіктер спортын тоғыстырған заманауи университет. Жаңа Студенттер үйі студенттердің білім алуына, спортпен шұғылдануына, демалуына және жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін осы ортаның маңызды бөлігі. Біздің мақсатымыз – әр студентке өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Ал мүмкіндік бар жерде нәтиже мен жеңіс те бар», – деді ректор Тұрсынзада Қуанғалиева.

Кездесу аясында университеттің негізгі сервистерін бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіретін My KNUS цифрлық платформасы да таныстырылды. Платформа студенттерге қажетті ақпарат пен цифрлық қызметтерге неғұрлым ыңғайлы әрі жедел қол жеткізуге мүмкіндік беріп, университетпен өзара байланыс орнатуға арналған бірыңғай кеңістік қалыптастырады.

Цифрлық шешімдерді дамыту – жоғары білім беруді жаңғыртудың басым бағыттарының бірі. Оларды енгізу университеттегі процестерді барынша ашық әрі ыңғайлы етіп, студенттердің қажеттіліктеріне бағдарлауға мүмкіндік береді.

Жалпы KNUS-тың 2026–2027 оқу жылына дайындығы инфрақұрылымды дамыту, университеттік сервистерді цифрландыру, сондай-ақ сапалы білім алуға, ғылыми қызметпен айналысуға, спорттық дайындықтан өтуге және студенттердің тұлғалық дамуына қажетті жағдай жасау жөніндегі кешенді шараларды қамтиды.

Заманауи инфрақұрылым мен цифрлық орта студенттерге білім беру мен ғылымда, сондай-ақ спортта толыққанды білім алып, кәсіби тұрғыдан өсіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуі үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған.