
Мемлекет басшысы студенттерді қажетті жатақхана орындарымен қамтамасыз етуді және тұрғын үй мәселелері сапалы білім алуға кедергі келтірмейтін жағдай қалыптастыруды тапсырды. Осы тапсырманы орындау аясында Қазақстанда студенттік инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді. Оның ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған студенттерді уақытша орналастыру тетіктері де жетілдірілуде.
Бүгін ALT University-де күрделі жөндеуден өткен №1 Студенттер үйі ашылды. Оның базасында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы студенттеріне арналған дағдарыс орталығы жұмысын жалғастырды.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев, ALT University Басқарма төрағасы – ректор Меруерт Жармағамбетова және университет өкілдері қатысты.
Ақерке Абылайхан студенттер үшін қолайлы жағдай жасау жастарды қолдау мен адами капиталды дамытудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Студенттер үйі бірнеше жыл бойы жас адам үшін нағыз үйіне – алаңсыз білім алып, дамып, болашақта еліміздің өркендеуіне қызмет ететін білім мен дағдыларды игере алатын орынға айналуы маңызды».
Күрделі жөндеуден кейін №1 Студенттер үйі 487 орынға есептелген. Жаңартылған ғимаратта студенттердің тұруына, білім алуына және демалуына қажетті жағдайлар жасалған. Мұнда тұрғын және оқу кеңістіктері, оқу залы, жаттығу залы, медициналық кабинет және қажетті тұрмыстық инфрақұрылым қарастырылған.
Студенттер үйінің базасында жұмыс істейтін дағдарыс орталығына 50 орын қарастырылған. Орталық ALT University базасында төртінші жыл жұмыс істейді және уақытша тұруға, сондай-ақ әлеуметтік, психологиялық немесе консультациялық қолдауға мұқтаж студенттерге көмек көрсетеді.
Орталыққа Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері оқу орнына қарамастан жүгіне алады. Уақытша орналастыру қажет болған жағдайда Ситуациялық орталық мамандары алдымен студенттің өз университетінің жатақханасынан орын беру мүмкіндігін анықтайды. Егер жоғары оқу орны орын ұсына алмаса, бос орын болған жағдайда студент ALT University базасындағы дағдарыс орталығына уақытша орналастырылады.
Бұл тетік тұрақты баспана мәселесі шешілгенге дейін студенттерді уақытша тұратын орынмен қамтамасыз етуге және тұрғын үй мәселесінің оқу процесіне кедергі келтірмеуіне мүмкіндік береді.
Студенттік инфрақұрылымды және уақытша орналастыру тетіктерін дамыту – білім алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы оқу және тұру жағдайларын жасауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.