
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары қазақ тілінің технологиялық дамуына арналған үлкен тілдік модельдер жобасын аяқтауға жақын. 2024 жылы басталған ғылыми жоба биыл толық аяқталады.
Жоба аясында қазақ тіліндегі ауқымды мәтіндік деректер жинақталып, тазартылып, құрылымдалды. Осы деректер негізінде қазақ тіліне басымдық беріліп оқытылған бірнеше үлкен тілдік модель әзірленді.
Әзірленген модельдердің маңызды техникалық ерекшеліктерінің бірі – tool calling мүмкіндігі. Бұл модельдерге сыртқы цифрлық құралдармен әрекеттесуге және күрделі тапсырмаларды бірнеше кезеңмен орындауға мүмкіндік береді. Аталған мүмкіндік көп агентті және автономды жүйелерді дамыту үшін маңызды.
Жоба жетекшісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің деканы Мәдина Мансұрованың айтуынша, жобаның мақсаты тек тілдік модельдерді оқытумен шектелмейді.
«Біз қазақ тіліне басымдық берілген үлкен тілдік модельдерді әзірлеумен қатар олардың негізінде жұмыс істейтін көп агентті жүйелерді қалыптастырып жатырмыз. Бұл қазақ тілінің жасанды интеллект технологияларында сапалы қолданылуына, деректер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және еліміздің технологиялық дербестігін нығайтуға септігін тигезеді», – деді Мәдина Мансұрова.
Жобаны жүзеге асыру үшін ғылыми консорциум құрылды. Оның құрамына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Nazarbayev University, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы кірді.
Зерттеушілер әзірленген технологияларды нақты салаларда қолдану мақсатында үш платформаны іске қосты. Олар: «AI MamaCare», «Farabi Flow» және «AI KazMedia». Үш платформа да жергілікті серверлерде орналастырылған. Ақпарат сыртқа шығарылмайды. Бұл деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүйелерді ұйымдардың ішкі инфрақұрылымында пайдалануға мүмкіндік береді.
«AI MamaCare» аналар мен медицина мамандарына қолдау көрсетуге арналған. Платформа аналардың күнделікті жағдайын тіркеуге, денсаулық көрсеткіштеріндегі өзгерістерді бақылауға және дәрігерлерге ақпарат ұсынуға көмектеседі.
«Farabi Flow» университеттің цифрлық қызметтеріне арналған интеллектуалды платформа. Оның көмегімен талапкерлер, студенттер және қызметкерлер қажетті ақпаратты жедел ала алады. Платформа сондай-ақ университеттің ғылыми қызметін қолдап, зерттеушілер, ғылыми жарияланымдар мен негізгі көрсеткіштер туралы деректерді бір ортада жүйелеуге және талдауға жәрдемдеседі.
Ал «AI KazMedia» платформасы журналистерге арналған. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысын оңтайландырып, түрлі форматтағы ақпараттық контентті жылдам әзірлеуге көмектеседі.
Қазіргі уақытта үш платформа да тестілеуден өтіп, практикалық қолданысқа енгізілді.
ҚазҰУ ғалымдары алдағы уақытта жоба аясында жасанды интеллект негізіндегі түрлі салаларға арналған жаңа цифрлық шешімдер мен қосымшаларды әзірлеуді жалғастыруды жоспарлап отыр.