Абай облысында Murdoch University филиалын Shakarim University базасында ашу перспективалары талқыланды

Абай облысында Murdoch University филиалын Shakarim University базасында ашу перспективалары талқыланды

Абай облысында Murdoch University филиалын Shakarim University базасында ашу перспективалары талқыланды

Мемлекет басшысының жетекші шетелдік университеттерді Қазақстан өңірлеріне тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту және жоғары білімді интернационалдандыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда.

Осы бағыттағы перспективалы бастамалардың бірі – Shakarim University мен Австралияның Murdoch University арасындағы ынтымақтастық. Тараптар бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды, оның ішінде Абай облысында австралиялық университет филиалын ашу мүмкіндігін практикалық тұрғыдан пысықтауға кірісті.

«Халықаралық ынтымақтастық нақты мазмұнға ие болып, өңірлер үшін практикалық нәтиже беруі маңызды. Жетекші шетелдік университеттермен серіктестік сұранысқа ие мамандар даярлауға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және озық технологияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Әсіресе халықаралық тәжірибенің нақты өңірдің қажеттіліктерімен және оның университеттерінің әлеуетімен ұштасуы маңызды», – деді Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Жұмыстың жалғасы ретінде Murdoch University делегациясы Семей қаласына барып, Абай облысының және Shakarim University басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді.

Абай облысының әкімі Берік Уәлимен кездесуде Murdoch University филиалын ашу перспективалары, бірлескен білім беру және қос дипломды бағдарламаларды әзірлеу, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланды. Облыс әкімдігі бастаманы қолдайтынын білдіріп, филиалдың жеке ғимаратын салу үшін Smart City ауданынан жер учаскесін бөлу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

«Біз Murdoch University-мен ынтымақтастықты білім, ғылым және өндірісті біріктіретін стратегиялық мүмкіндік ретінде қарастырамыз. Облыс әкімдігі Shakarim University базасында Murdoch University филиалын ашу бастамасын толық қолдайды. Бұл халықаралық деңгейдегі мамандар даярлауға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және өндірісте озық технологияларды енгізуге кең мүмкіндік береді», – деді Берік Уәли.

Murdoch University делегациясы Shakarim University Басқарма төрағасы – ректор Думан Орынбековпен де кездесті. Тараптар одан әрі ынтымақтастықтың практикалық бағыттарын, соның ішінде бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, академиялық ұтқырлықты дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу және өңір экономикасының негізгі салалары үшін кадр даярлау мәселелерін талқылады.

Серіктестіктің негізгі бағыттары ретінде ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария, азық-түлік қауіпсіздігі және тағам технологияларына ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар Абай облысының агроөнеркәсіптік дамуы үшін стратегиялық маңызға ие және Murdoch University-дің ғылыми құзыреттерімен үндеседі.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі мал шаруашылығы саласындағы бірлескен зерттеулерді дамыту болуы мүмкін. Shakarim University базасында қой шаруашылығының селекциялық орталығы жұмыс істейді. Орталық жоғары өнімді қой популяцияларын қалыптастыру және заманауи ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу бағытында ғылыми зерттеулер жүргізеді.

Сапар барысында Murdoch University өкілдері Shakarim University-дің ғылыми-білім беру және өндірістік инфрақұрылымымен танысып, инжинирингтік орталықты, Агротехнопаркты және мамандандырылған оқу-өндірістік алаңдарды аралады.

Осылайша, Shakarim University мен Murdoch University арасындағы ынтымақтастық практикалық деңгейге көтеріліп, австралиялық университеттің халықаралық тәжірибесін, қазақстандық жоғары оқу орнының ғылыми-білім беру әлеуетін және Абай облысы экономикасының қажеттіліктерін біріктіруге бағытталуда. Бірлескен бастамаларды іске асыру халықаралық деңгейдегі мамандар даярлауға, қолданбалы ғылымды дамытуға және өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне заманауи технологияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктер береді.