Қазақстан Жапония мен Корея Республикасының жетекші университеттерімен ынтымақтастықты нығайтып жатыр

Қазақстан Жапония мен Корея Республикасының жетекші университеттерімен ынтымақтастықты нығайтып жатыр

Қазақстан Жапония мен Корея Республикасының жетекші университеттерімен ынтымақтастықты нығайтып жатыр

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жапония мен Корея Республикасының жетекші университеттері және ғылыми-технологиялық ұйымдарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Кездесулер барысында академиялық серіктестікті дамытуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге, кадрлар даярлауға, сондай-ақ жасанды интеллект және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастыққа басымдық берілді.

Токиода Tokyo Metropolitan University және Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің (UNU) басшылығымен кездесулер өтті. Tokyo Metropolitan University ректоры Такаэ Охашимен жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту, оқытушылар мен зерттеушілер арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. Министр университет ректорын қараша айында Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына шақырды.

Жапониядағы келіссөздердің маңызды бағыттарының бірі Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетімен ынтымақтастықты дамыту болды. БҰҰ Университетінің ректоры – БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, профессор Тшилидзи Марваламен ғылым, жоғары білім, ғылыми зерттеулер және тұрақты даму салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында тараптар БҰҰ Университетінің Қазақстандағы қызметін кеңейтудің ықтимал институционалдық және практикалық тетіктерін қарастырды. Қазақстан тарапы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін білдіріп, бірлескен бастамаларды іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасауға дайын екенін жеткізді. БҰҰ Университетінің ректоры Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына қатысуға шақыруды қабылдады.

Халықаралық серіктестікті нығайту бағытындағы жұмыстың жалғасы Сеулде өткен келіссөздермен жалғасты. Министр Корея Республикасының Премьер-министрінің орынбасары - ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Пэ Кен Хунмен кездесті. Тараптар ғылым, жоғары білім және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде технологиялар трансфері, бірлескен зерттеулерді іске асыру және жоғары білікті мамандар даярлау мәселелерін талқылады.

Келіссөздердің негізгі мәселелерінің бірі Қазақстанда Корей ғылым және технологиялар институтының (KAIST) филиалын ашу болды. Бұл бастаманы іске асыру жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инженерия салаларында кадр даярлау мүмкіндіктерін кеңейтіп, бірлескен ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер береді.

KAIST вице-президенті Jaemin Jung-мен бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын, академиялық ұтқырлықты, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша алдағы қадамдар талқыланды.

Корея Республикасының жетекші университеттерімен өзара іс-қимылға да ерекше назар аударылды. Сеул ұлттық университеті және Korea University басшылығымен өткен кездесулерде академиялық алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу, кадрлар даярлау, сондай-ақ медицина, инженерия, ақпараттық технологиялар және басқа да перспективалы бағыттардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Аталған университеттер қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірқатар серіктестік жобаларды іске асырып келеді.

Ынтымақтастықтың нақты нәтижелері қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту бағытынан да көрінеді. Seoul Cyber University Q University, Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті және MNU-мен бірлескен жобаларды жүзеге асырып отыр. Атап айтқанда, Q University-мен бірлесіп Computer Science бағыты бойынша 1+2+1 моделі негізінде қос дипломды бағдарлама іске асырылады. Сонымен қатар АГЭУ мен Seoul Cyber University «Ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект» бағыты бойынша қос дипломды бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр. Білім беру 1+2+1 моделі бойынша ұйымдастырылып, студенттерге екі елде білім алу тәжірибесін жинақтауға және жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік пен цифрлық технологиялар салаларында қажетті құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік береді.

Өткізілген келіссөздер халықаралық ынтымақтастықты нақты білім беру және ғылыми жобаларға бағыттауға ықпал етеді. Негізгі бағыттардың қатарында академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу, қос дипломды бағдарламаларды іске асыру, озық технологиялар трансфері және басым ғылыми-технологиялық бағыттар бойынша мамандар даярлау бар.