
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Кореяның ғылым және озық технологиялар институтының (KAIST) вице-президенті Jaemin Jung-пен кездесті.
Кездесу барысында тараптар жоғары білім, ғылым және инновациялар салаларындағы одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, сондай-ақ екі елдің бейінді министрліктері арасындағы үкіметаралық келісімді іске асыру мәселелерін талқылады. Бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға, академиялық ұтқырлыққа, жоғары білікті кадрлар даярлауға, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Қазіргі таңда Қазақстанда шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, оның ішінде Кореяның бірқатар университеттерінің филиалдары жұмыс істейді. Бұл халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және озық білім беру тәжірибелерін енгізуге ықпал етеді.
Қазақстан-Корея ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі – KAIST филиалын Қазақстанда ашу. Министрдің Корея Республикасының Премьер-министр орынбасары – ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Пэ Кен Хунмен кездесуі барысында осы бастаманы іске асырудың алдағы қадамдары талқыланды.
Қазақстанда KAIST филиалының ашылуы жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, инженерия және басқа да басым ғылыми-технологиялық бағыттар бойынша жаңа буын мамандарын даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды дамытуға қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Тараптар ғылым мен жоғары білім беру салаларындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және қол жеткізілген уағдаластықтарды кезең-кезеңімен іске асыруға мүдделі екендерін растады.