
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Адамзаттың Абайы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәжіліс өтті. Жиын барысында ҚазҰУ ғалымдары ақынның білім концепциясына негізделген «Абай таксономиясын» әзірлеп, оны заманауи оқу үдерісіне енгізу бастамасын ортаға салды.
Абай ғылыми-зерттеу институты мен «Фараби» кітапханасы бірлесіп ұйымдастырған басқосуға отандық абайтанушылар, университет басшылығы, сондай-ақ Әзербайжан, Иран және өзге де елдерден келген көрнекті ғалымдар мен зерттеушілер қатысты.
Мәжілісте Абай ҒЗИ директоры, профессор Жанғара Дәдебаев хакімнің қара сөздері мен білім беру жүйесіне қатысты көзқарастарын негізге ала отырып әзірленген «Абай таксономиясын» таныстырды. Ғалымның айтуынша, Абайдың білім концепциясында танымдық әрекеттер иерархиялық жүйе мен сабақтастыққа негізделген. Мұндағы талап ету, қабылдау, білу, түсіну, есте сақтау және кейін оны практикада қолдану сияқты танымдық әрекеттер тұтас жүйені қалыптастырады. Осы иерархияны оқу үдерісіне енгізу – ұлы ойшылдың педагогикалық және философиялық мұрасын заманауи білім кеңістігімен ұштастырудың маңызды тетігі.
Айта кету керек, оқу орнында хакім шығармашылығын академиялық деңгейде зерделейтін Абай ғылыми-зерттеу институты тұрақты жұмыс істейді. Ұлы ақынның «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» туралы ілімі мен қара сөздеріне негізделіп, бұған дейін университетте арнайы «Абайдың кісілік кодексі» де қабылданған. Бұл құжат студенттерді отаншылдыққа, парасаттылыққа, білімділік пен еңбекқорлыққа тәрбиелейтін басты өмірлік ұстанымға айналды.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ ғалымдары Абай мұрасын заманауи технологиялар, жасанды интеллект және цифрлық ресурстар арқылы зерттеу, жүйелеу мен халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау жұмыстарын белсенді жалғастырып жатыр. Мәжіліс барысында отандық және шетелдік зерттеушілер ақын мұрасының әлемдік өркениеттегі орны мен жалпыадамзаттық құндылықтар төңірегінде баяндама жасап, өзара пікір алмасты.