1942 жылғы «Абай жолының» бірегей басылымы ғылыми зерттеулерге негіз болды

1942 жылғы «Абай жолының» бірегей басылымы ғылыми зерттеулерге негіз болды

1942 жылғы «Абай жолының» бірегей басылымы ғылыми зерттеулерге негіз болды

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғылыми кітапханасының сирек қорында Мұхтар Әуезовтің 1942 жылы жарық көрген «Абай жолы» романының алғашқы басылымдарының бірі сақтаулы. Қазақ әдебиеті тарихы үшін құнды басылым бүгінде ғылыми зерттеулер жүргізуде маңызды дереккөз ретінде пайдаланылып келеді.

Университеттің «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын зерделеу, оның рухани және ғылыми құндылығын насихаттау, сондай-ақ ұлы ойшылдың идеяларын білім беру үдерісіне енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

Аталған сирек басылым да ғылыми ізденістерге арқау болды. Университет магистратурасының түлегі Эльмира Орманбек диссертациялық жұмысы аясында «Абай жолының» 1942 жылғы басылымын кейінгі нұсқаларымен салыстырып, мәтіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтарына талдау жүргізді. Зерттеу нәтижелері бүгінде 10–11 сынып оқушыларына Абай мұрасын тереңірек танытуға бағытталған оқу үдерісінде қолданылып келеді.

«Абай мұрасын зерттеу – бірнеше ғылыми және білім беру бағытын қамтитын кешенді жұмыс. Университет ғалымдары ғылыми монографиялар, оқу-әдістемелік құралдар мен жинақтар әзірлеп, Абай шығармашылығын зерттеу мен насихаттауға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Шығыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдары үшін «Абайтану» оқу бағдарламасы әзірленіп, осы курсқа арналған «Мұғалім кітабы» құрастырылды. Сонымен қатар оқушылар арасында «Абай оқулары» өткізіліп, педагогтер үшін «Абайтану пәнін оқыту» курстары ұйымдастырылады», – деді филология ғылымдарының докторы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Картаева.

Институтта зерттеулер «Абай және әлемдік руханият», «Абай және ХХІ ғасырдағы ғылым-білім», «Абайтану және оқыту мәселелері», «Абай және Толық адам», «Адал азамат», «Абай және парасат жолы», «Ұлы Абайды ұлықтау» бағыттары бойынша жүргізіледі.

Абайдың «Толық адам» іліміне де ғылыми-ағартушылық және тәрбие жұмыстары аясында ерекше мән беріледі. Осы бағытта «Дананың сөзі – ақылдың көзі», «Абайдың толық адам ілімін оқыту» оқу құралдары және «Жаңа ғасырдағы Абайдың «Толық адам» тағылымы» монографиясы жарық көрген.

Сирек қордағы тарихи басылымдарды ғылыми айналымға енгізу әдеби мұраны сақтаумен қатар, оны жаңа зерттеулермен сабақтастыруға мүмкіндік береді. Аманжолов университетіндегі 1942 жылғы «Абай жолы» басылымы – Абай мұрасы мен Мұхтар Әуезов шығармашылығын зерттеудегі құнды дереккөздердің бірі.