Абай өлеңі әлем тілдерінде оқылды

Абай өлеңі әлем тілдерінде оқылды

Абай өлеңі әлем тілдерінде оқылды

Ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Торайғыров университетінде әдеби-мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Атаулы күн аясында университеттің оқытушылары мен халықаралық студенттері қазақтың ұлы ойшылының шығармашылығына құрмет көрсетіп, оның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін бірнеше әлем тілінде мәнерлеп оқыды.

«Абай аманаты» челленджіне алғашқылардың бірі болып қатысқан пәкістандық оқытушы Arain Intesar Ahmed Абайдың өлеңін қазақ тілінде нақышына келтіре орындады.

Сонымен қатар университетте білім алып жатқан шетелдік студенттер ақынның танымал шығармасын өз ана тілдерінде оқып, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген құрметін білдірді. Бұл бастама Абай мұрасының ұлттық шеңберден асып, әлемнің түрлі елдерінен келген жастар арасында кеңінен насихатталуына ықпал етті.

Торайғыров университетінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің мәліметінше, бүгінде оқу орнында әлемнің түрлі елдерінен келген 500-ге жуық шетелдік студент білім алып жатыр. Университет 18 мемлекетпен халықаралық серіктестік орнатып, академиялық және ғылыми ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді.

Биыл Торайғыров университетіне 24 шетелдік талапкер мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқуға қабылданды. Университет алдағы оқу жылында халықаралық байланыстарын одан әрі кеңейтіп, тағы 10 мемлекетпен ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар академиялық ұтқырлықты арттыруға, шетелдік студенттер санын көбейтуге және халықаралық білім беру мен ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.