
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚР Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің (UNU) ректоры және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, профессор Тшилидзи Марваламен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ Университеті арасындағы ғылым, жоғары білім, ғылыми зерттеулер және тұрақты даму салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективалы бағыттары бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында БҰҰ Университетінің Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту жөніндегі бастамаға ерекше назар аударылды. Тараптар осы бастаманы одан әрі ілгерілетудің ықтимал институционалдық және практикалық тетіктерін, сондай-ақ оның мазмұндық бағыттарын дамыту перспективаларын талқылады.
Министр Қазақстанның БҰҰ Университетімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтіп, бірлескен бастамаларды іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасауға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде UNU ректоры биыл қараша айында Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына қатысуға шақыруды қабыл алды. БҰҰ Университеті ректорының форумға қатысуы одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын талқылауға және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге арналған қосымша алаң қалыптастырады.
БҰҰ Университеті (UNU) – БҰҰ жүйесіндегі білім беру, ғылыми-зерттеу және сараптамалық-талдау қызметін жүзеге асыратын халықаралық жоғары оқу орны әрі ғылыми-зерттеу орталығы. Университет БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1972 жылғы желтоқсанда құрылып, 1975 жылғы қаңтарда ресми түрде ашылды. UNU БҰҰ органы мәртебесіне ие және өз Жарғысы негізінде қызмет атқарады.