
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚР Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Tokyo Metropolitan University ректоры Такая Охашимен кездесті.
Кездесу барысында жоғары білім, ғылым және академиялық алмасулар салаларындағы Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалы бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Тараптар университетаралық байланысты кеңейтуге, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын іске асыруға ерекше назар аударды. Академиялық ұтқырлықты дамыту, оқытушылар мен зерттеушілер арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстан мен Жапонияның жоғары оқу орындары арасындағы тікелей серіктестік байланыстарды нығайту мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар кадрларды бірлесіп даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және өзара қызығушылық тудыратын академиялық жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу барысында министр Саясат Нұрбек Tokyo Metropolitan University ректорын биыл қараша айында Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына қатысуға шақырды. Форум ынтымақтастықтың перспективаларын одан әрі талқылауға және Қазақстанның жетекші университеттері мен шетелдік жоғары оқу орындары арасында жаңа серіктестік байланыстар орнатуға арналған маңызды алаң болмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар академиялық және ғылыми өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екенін растап, бірлескен бастамаларды практикалық тұрғыда іске асыруға жаңа серпін беруге дайын екендерін білдірді.