
Astana Hub-та ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жаһандық қазақ ғылыми қауымдастығы мен ғылыми кәсіпкерлік өкілдерімен кездесуі өтті. Іс-шараға ғалымдар, зерттеушілер, жоғары оқу орындарының басшылары, индустриялық R&D орталықтары мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысып, Қазақстан ғылымын, жоғары білім беру жүйесін және инновациялық экожүйесін дамытудың басым бағыттарын талқылады.
Кездесуді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Astana Hub ұйымдастырды. Іс-шараның серіктесі – әлемнің 30-дан астам елінде еңбек етіп жүрген қазақстандық зерттеушілер мен мамандарды біріктіретін Qazaq International Science & Technology Association (QIST) қауымдастығы.
Кездесуде халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту, ғылыми кадрлар даярлау, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру, жасанды интеллект пен DeepTech-ті дамыту, технологиялар трансфері, сондай-ақ мемлекет, университеттер, ғылыми ұйымдар мен индустрия арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында министр ғылым, жоғары білім беру және ұлттық инновациялық экожүйені дамытудың басым бағыттарын таныстырды. Негізгі баяндамадан кейін жасанды интеллект дәуірінде зерттеулер мен инновациялар үшін адами капиталды дамыту мәселесіне арналған панельдік пікірталас өтті.
Іс-шараның маңызды оқиғаларының бірі – Astana Hub пен Qazaq AI Research University (QAIRU) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді қолдау және жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру бағыттарындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
«Бүгін Astana Hub-та өткен кездесу ғылым мен кәсіпкерліктің технологиялар мен инновациялар тілінде ортақ тіл табысып келе жатқанын көрсетті. Жасанды интеллект зертхана мен нарық арасындағы шекараны жойып жатыр, ал Alem.AI экожүйесі ғылыми идеяларды нақты өнімдер мен компанияларға айналдыруға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – бұл мүмкіндіктерді қазақстандық ғалымдар, зерттеушілер мен кәсіпкерлер үшін қолжетімді ету», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Кездесуге QIST қауымдастығының өкілдері, әлемнің жетекші университеттері мен зерттеу орталықтарында еңбек етіп жүрген қазақстандық ғалымдар, жас зерттеушілер, профессорлар, индустриялық R&D орталықтарының өкілдері, университет басшылары, сондай-ақ DeepTech және MedTech салаларындағы технологиялық компаниялардың негізін қалаушылары мен басшылары қатысты.
Кездесу мемлекет, ғылыми қауымдастық және технологиялық сектор арасындағы ынтымақтастықтың жаңа форматтарын, сондай-ақ қазақстандық ғылымды жаһандық зерттеу кеңістігіне интеграциялау мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.