
Жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды. Жыл сайын әкімдіктер өңірлер үшін сұранысқа ие және басым бағыттар бойынша кадрларды мақсатты даярлауға білім беру гранттарын бөледі.
Биыл жергілікті атқарушы органдар (бакалавриат, магистратура, резидентура бағдарламалары бойынша) оқуға 2392 білім беру грантын бөлді.
Ең көп грантты Астана қаласының әкімдігі – 303, Шымкент қаласы – 285 грант, Шығыс Қазақстан облысы – 270 гранттан бөлді. Одан кейін Батыс Қазақстан облысы – 211 грант, Абай облысы мен Түркістан облысы – 200 гранттан, Ақмола облысы – 199 грант, Қарағанды облысы – 198 грант, Атырау облысы – 187 грант, Маңғыстау облысы – 163 грант бөлді. Қалған өңірлердің әрқайсысы 100-ге жуық грант ұсынды.
Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер өздері таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі қажет. Өтінішке білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болған жағдайда) қоса тапсырылады.
Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан және жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Білім беру гранттарын беру туралы шешімді тиісті әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.
Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.