МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ БЕРУ ГРАНТТАРЫНЫҢ ИЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ БЕРУ ГРАНТТАРЫНЫҢ ИЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ БЕРУ ГРАНТТАРЫНЫҢ ИЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері тізімін жариялады. Биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы экономиканың білікті кадрларға деген ұзақ мерзімді сұранысын ескере отырып қалыптастырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру гранттарының 60%-ы бүгінде елдің индустриялық және технологиялық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие инженерлік және техникалық даярлау бағыттарына бөлінді.

Өңірлерді білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. «Серпін» жобасы аясында екі мыңнан астам грант иегері Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алады.

«Білім беру гранты – бұл тек жоғары білімді тегін алу мүмкіндігі ғана емес. Бұл – мемлекеттің елдің болашағына және әрбір дарынды жасқа салған инвестициясы. Биыл 75 мыңнан астам талапкер мемлекеттік грант иегері атанды. Сонымен қатар гранттар конкурсын өткізу қағидалары өзгеріссіз қалып, оның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етті. Біз жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді жүйелі түрде кеңейтіп келеміз. Бүгінде Қазақстаннан шықпай-ақ әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының дипломын алуға болады. Сондай-ақ елімізде жұмыс істейтін шетелдік жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдарында оқу үшін де мемлекеттік гранттар қарастырылған. Бұл – қазақстандықтар үшін сапалы халықаралық білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды қадам», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

2026 жылы білім беру гранттарын тағайындау конкурсына шамамен 127 мың өтініш түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Өтініштер санының артуы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары білім алуға деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Гранттарды бөлу барысында заңнамада көзделген мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктері сақталды. Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған квоталар, халықаралық олимпиадалар мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына конкурстан тыс берілетін гранттар, сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға арналған 1816 грант қарастырылды.

Конкурс нәтижелерімен ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасынан https://t.me/SayasatNurbekOfficial және министрліктің ақпараттық ресурстарынан https://www.gov.kz/memleket/entities/sci?lang=kk https://t.me/gylym_jogary_bilim танысуға болады.

Мемлекеттік білім беру грантының электрондық куәліктері үш жұмыс күні ішінде ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының grant.testcenter.kz сайтында қолжетімді болады. Ал жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызды қоса алғанға дейін жалғасады.

 

2026-2027 ОҚУ ЖЫЛЫНА АРНАЛҒАН БІЛІМ БЕРУ ГРАНТЫ ИЕГЕРЛЕРІНІҢ ТІЗІМІ

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі