Қазақстандық ғалымдардың әзірлемелері «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін толықтырып жатыр

Қазақстандық ғалымдардың әзірлемелері «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін толықтырып жатыр

Қазақстандық ғалымдардың әзірлемелері «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін толықтырып жатыр

Қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулері негізінде әзірленген өнімдер «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендінің дамуына үлес қосып келеді. Бүгінде білім беру, экологиялық қауіпсіздік, агроөнеркәсіп, тағам өндірісі және құрылыс салаларында қолданылып жүрген отандық технологиялар ғылыми қызмет нәтижелерінің экономикаға енгізіліп жатқанын көрсетеді.

Қазақстан Үкіметінің отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстанда жасалған» белгісін ұлттық сапа бренді ретінде дамыту міндетін қойды. Бұл бастама қазақстандық өнімдердің сапасын арттыруға, олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және ішкі әрі сыртқы нарықтағы беделін нығайтуға бағытталған.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты «Ғылым қоры» АҚ ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүйелі түрде қолдап келеді. Гранттық қаржыландырудың арқасында көптеген ғылыми әзірлемелер зертханалық кезеңнен өндірістік деңгейге өтіп, нарыққа шығарылған өнімге айналды.

 

Солардың бірі – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ғалымдарының әзірлеген «Сауатты бала» және «Дыбыстар әлемі» қазақ тіліндегі мобильді қосымшалары. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған бұл цифрлық өнімдер сөйлеу дағдыларын дамытуға, дыбыстарды дұрыс айтуға және танымдық қабілеттерді жетілдіруге көмектеседі. Қосымшалар App Store және Google Play платформаларында қолжетімді.

 

Экологиялық қауіпсіздік саласында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары модификацияланған көміртекті материалдар мен графен оксиді негізінде су сүзгілеу жүйесін әзірледі. Технология композитті сорбенттерді пайдалану арқылы ауыз суды тиімді тазартуға мүмкіндік береді. Сүзгілер жоғары тазарту деңгейімен, бірнеше рет қолдануға жарамдылығымен және механикалық беріктігімен ерекшеленеді. Әзірлеме тұрғын үйлерде, білім беру ұйымдарында және басқа да әлеуметтік нысандарда қауіпсіз ауыз суға қолжетімділікті арттыруға бағытталған.

 

Агроөнеркәсіп саласында қазақстандық ғалымдардың Al Karal биоорганикалық азықтық қоспасы өндіріске енгізіліп жатыр. Леонардиттен алынатын гуминді және фульвоқышқылдары жоғары бұл өнім ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының иммунитетін нығайтып, ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартады. Сонымен қатар мал мен құстың өнімділігін арттыруға және шығынын азайтуға ықпал етеді. Отандық әзірлеме импорттық өнімдерге тәуелділікті төмендетуге және агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Тамақ өнеркәсібінде түйе сүтінен өндірілетін арнайы мақсаттағы сүт өнімдерінің жаңа түрлері технологиясын әзірледі.

Оның негізінде пастерленген түйе сүті, пробиотикалық йогурт, сүзбе массасы және ірімшік өндіріледі. Бұл өнімдер лактозаға төзімсіздігі бар адамдарға, сиыр сүтіне аллергиясы бар тұтынушыларға, сондай-ақ дұрыс тамақтануды ұстанатын және қант диабетімен өмір сүретін азаматтарға арналған. Жоба функционалдық тағамдар өндірісін дамытуға, импортты алмастыруға және қазақстандық өнімдердің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

 

Құрылыс саласында PhD докторы, профессор Руслан Нұрлыбаев жетекшілік ететін ғылыми топ өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы құрғақ құрылыс қоспаларын шығару технологиясын әзірледі. Осы технология негізінде Алматы қаласында жылына 20 мың тонна өнім өндіретін өндіріс іске қосылды. Бүгінде бұл өнімдер құрылыс саласында қолданылып, өндірістік қалдықтарды тиімді пайдалануға және отандық құрылыс материалдары өндірісін дамытуға ықпал етеді.

 

Бұл жобалар «Қазақстанда жасалған» белгісі бүгінде тек өндірілген тауардың шыққан елін ғана емес, қазақстандық ғылымның, инженерлік шешімдердің және инновациялық технологиялардың нәтижесін де білдіретінін көрсетеді.

 

Қазіргі уақытта «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бағытында 205 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар ғылымды экономиканың нақты секторымен ұштастыруға, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.