
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қозыбаев университетімен бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатқан қытайлық инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен инвестициялық және ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру, жоғары білікті кадрлар даярлау және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері талқыланды.
Негізгі жобалардың бірі – Қозыбаев университетінің Қытайдың Хэнань провинциясындағы мемлекеттік Henan Agricultural Investment Group Co., Ltd. корпорациясымен ынтымақтастығы. Осы серіктестік аясында Солтүстік Қазақстан облысында шетелдік инвестициялар тарту арқылы Қазақстан-Қытай ғылыми-технологиялық орталығын құру жобасы жүзеге асырылады.
Жобаны іске асыру үшін Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Қозыбаев университетіне көлемі 72,5 гектар жер телімін бөлді. Биыл университеттің тәжірибелік алқаптарына бидайдың төрт және жүгерінің 18 сорты егілді. Жоба аясында зертханалық кешенді, жатақхананы, логистикалық орталықты, жылыжай кешенін және тәжірибелік егіс алқаптарын қамтитын заманауи ғылыми-білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру көзделген. Орталық базасында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіліп, мамандар даярланады, заманауи технологиялар енгізіліп, ғылыми әзірлемелердің нәтижелері өндіріске қолданылады.
Қозыбаев университеті мен қытайлық серіктестердің тағы бір бірлескен жобасы – Гонконгтың Henderson Land Group инвестициялық компаниясымен бірге тұрақты авиациялық отынның (Sustainable Aviation Fuel – SAF) толық өндірістік циклін құру.
Жоба Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалана отырып, «өсімдікті өсіру – шикізатты жинау – өңдеу – авиациялық биоотын өндіру» қағидаты бойынша өндірістік тізбекті қалыптастыруды көздейді. Негізгі энергетикалық дақыл ретінде Camelina sativa қарастырылып отыр.
Қазіргі кезеңде Henderson Land Group, Қозыбаев университеті және Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы кәсіпорындары Camelina sativa дақылының тәжірибелік егістерін жүргізуге арналған бірлескен ғылыми жобаны іске асырып жатыр. Биыл университеттің тәжірибелік базасында аталған дақылды сынақ ретінде өсіру жоспарланған. Зерттеу барысында ғалымдар оның өңірдің табиғи-климаттық жағдайларына бейімделу деңгейін, өнімділігін, майлылығын және басқа да агрономиялық көрсеткіштерін бағалайды. Бұл Қазақстанда аталған дақылды өнеркәсіптік көлемде өсірудің келешегін айқындауға мүмкіндік береді.
Егер тәжірибелік кезең сәтті аяқталса, тараптар егіс алқаптарын кезең-кезеңімен ұлғайтуды, шикізатты сақтау және өңдеу жүйесін құруды, сондай-ақ Sustainable Aviation Fuel (SAF) өндіретін өндірістік кешен салуды жоспарлап отыр. Жобаның жүзеге асырылуы инвестиция тартуға, биоэнергетиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи агротехнологияларды енгізуге және ғылыми зерттеулер нәтижелерін іс жүзінде пайдалануға ықпал етеді.
Кездесу барысында сондай-ақ Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін дамыту және қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық серіктестігін кеңейту мәселелері қаралды. Білім беру, ғылым және өндірісті ықпалдастыруға ерекше назар аударылды. Қозыбаев университетінің базасында жүзеге асырылатын бірлескен жобалар халықаралық ғылыми зерттеулерді дамытуға, ортақ зертханалар құруға, жоғары технологиялық экономика салалары үшін мамандар даярлауға және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында министр Қозыбаев университетінің базасында іске асырылып жатқан жобалар ғылым, білім және бизнестің тиімді өзара іс-қимылының жарқын үлгісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жобалар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, инвестиция тартуға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізуге және университеттің еліміздің жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі ретіндегі әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.