
Сәтбаев университеті базасында «Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы сирек металдар өндіру саласындағы стратегиялық өнеркәсіптік ынтымақтастық» атты халықаралық практикалық семинар өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, жетекші ғылыми ұйымдарының және жер қойнауын пайдаланушы компанияларының өкілдері қатысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысушыларға арналған бейнеқұттықтауында әлемдік экономикадағы стратегиялық маңызы бар минералдардың рөлі артып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан шикізатты терең өңдеуді, заманауи технологияларды дамытуды және қосылған құны жоғары өнім өндіруді мақсат етіп отырғанын айтты.
«Бұл жоба министрлігіміз үшін айрықша маңызды. Ол жер қойнауын пайдаланушыларға шикізатты экспорттаумен шектелмей, Оңтүстік Кореяның жетекші ғылыми және өнеркәсіптік институттарымен бірлесіп жаңа технологияларды, байытудың заманауи әдістерін дамытуға және технологиялар трансфертін жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді министр.
Korea Institute of Industrial Technology (KITECH) басқарушы директоры әрі Korea National Rare Metals Center (KORAM) директоры Пак Кён Тэ Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың табысты дамуы үшін екі елдің ғылыми және өндірістік әлеуетін біріктіру, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және технологияларды кейіннен коммерцияландыру мақсатында сирек және жерде сирек кездесетін металдардың шикізат қорына ұзақ мерзімді қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
Осыған байланысты Сәтбаев университеті Металлургия және кен байыту институтының базасында Сирек және жерде сирек кездесетін металдардың халықаралық орталығын құру ұсынылды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, KITECH, KORAM және Металлургия және кен байыту институтының өкілдері жобаны іске қосуға қажетті соңғы ұйымдастырушылық және ғылыми-техникалық мәселелерді келісті.
Жаңа орталық бірлескен іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге, озық технологияларды трансферттеуге, жаңа буын мамандарын даярлауға, заманауи зертханалық инфрақұрылымды дамытуға және сирек әрі сирек жер металдары саласында тәжірибелік-өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға арналған халықаралық алаңға айналады. Оның қызметі Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін арттыруға, минералдық шикізатты терең өңдеуді дамытуға және еліміздің стратегиялық маңызы бар минералдардың жаһандық қосылған құн тізбегіндегі орнын нығайтуға бағытталады.
Іс-шараны қорытындылаған Металлургия және кен байыту институтының бас директоры Бағдәулет Кенжалиев Қазақстан мен Корея Республикасының ғылыми әлеуетін біріктіру ауқымды ғылыми-технологиялық жобаларды жүзеге асыруға, жоғары білікті мамандар даярлауға және тау-кен металлургиясы саласына инновациялық шешімдерді енгізуге жаңа мүмкіндік беретінін айтты.
Стратегиялық сессияға қатысушылар Сирек және жерде сирек кездесетін металдардың халықаралық орталығын құру Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ғылыми және өнеркәсіптік ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болатынын атап өтті. Олар бұл бастама отандық ғылымның дамуына, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және озық технологияларды өндіріске енгізуге ықпал ететінін жеткізді.