Ми институты және Quantum AI: Саясат Нұрбек ҚазҰУ-дың жаңа ғылыми алаңдарымен танысты

Ми институты және Quantum AI: Саясат Нұрбек ҚазҰУ-дың жаңа ғылыми алаңдарымен танысты

Ми институты және Quantum AI: Саясат Нұрбек ҚазҰУ-дың жаңа ғылыми алаңдарымен танысты

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен және жаңадан іске қосылған орталықтардың қызметімен танысты. Шара барысында ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев министрге университет ғалымдарының соңғы жылдардағы ғылыми жетістіктері мен инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылған жұмыс нәтижелерін ұсынды.

Ведомство басшысы Орталық Азиядағы алғашқы мамандандырылған ғылыми-білім беру орталығы – Ми институтына барды. Нысан 2018 жылы Когнитивтік нейроғылым орталығы ретінде негізі қаланып, 2026 жылы Ми институты болып қайта құрылған. Институт когнитивтік нейроғылым, МРТ, нейролингвистика және есептеу нейроғылымы зертханаларымен жабдықталған.

Мұндағы зерттеулер әлемдік деңгейдегі заманауи құрылғылар, соның ішінде ANT Neuro жоғары тығыздықтағы электроэнцефалография жүйелері және функционалдық жақын инфрақызыл спектроскопия технологиялары арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ орталыққа орнатылған 3 Тесла магниттік-резонанстық томографы жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы миды түсіру уақытын қысқартып, кескін сапасын арттырады әрі функционалдық МРТ жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар министр биыл іске қосылған «Quantum AI» зертханасының жұмысымен танысты. Заманауи 7 кванттық есептеу жүйесімен жабдықталған орталық студенттер мен жас ғалымдарға күрделі зерттеу жобаларын орындауға, машиналық оқытудың бірегей алгоритмдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Жаңа зертхана білім алушылардың нақты өндірістік жобаларға қатысуына жағдай жасайтын ашық платформа ретінде қызмет етіп, түлектердің халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Кездесу соңында министр ҚазҰУ-да жүзеге асырылып жатқан бастамаларға қолдау білдірді. Сондай-ақ жасанды интеллект, нейроғылым және кванттық технологиялар бағытындағы зерттеулердің ел болашағы үшін стратегиялық мәнін ерекше атап өтті.