Қазақстан университеттер арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионатын қабылдап жатыр

Қазақстан университеттер арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионатын қабылдап жатыр

Қазақстан университеттер арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионатын қабылдап жатыр

Бүгін Алматыда FIDE World University Team Chess Championship –университеттер арасындағы тұңғыш командалық FIDE әлем чемпионатының финалдық кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.

Алматы алғаш рет FIDE университеттер арасындағы командалық әлем чемпионатын қабылдап жатыр. Додаға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының атынан 16 университеттік команда қатысуда. Олардың қатарында ғасырлар бойы қалыптасқан академиялық дәстүрі мен шахмат мәдениеті бар Оксфорд, Кембридж және Гарвард университеттері де бар. Аталған оқу орындарының шахмат клубтарының тарихы бір жарым ғасырдан асады және олар әлемдік университеттік шахмат мәдениетінің ажырамас бөлігі саналады. Қазақстанның намысын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық спорт университеті мен Almaty Management университетінің студенттері қорғайды.

Чемпионаттың Қазақстанда өтуі еліміздің Халықаралық шахмат федерациясымен (FIDE) стратегиялық ынтымақтастығының заңды жалғасы болды. 2025 жылғы қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев FIDE президенті Аркадий Дворковичпен кездесті. Кездесу барысында ынтымақтастықты одан әрі дамыту, Қазақстанда ірі халықаралық жарыстар өткізу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Президент шахматтың спорт түрі ғана емес, сонымен қатар зияткерлік даму, тәрбие және білім берудің маңызды құралы екенін атап өтті.

Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы бейнеүндеу жолдап, чемпионаттың маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінде Қазақстан әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының атынан келген үздік жас шахматшылар бас қосатын маңызды алаңға айналып отыр. Бұл чемпионат тек жүлде үшін өтетін жарыс қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасуға, білім бөлісуге, университеттер арасындағы байланысты нығайтуға және мемлекеттер арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға серпін береді», – деді Аида Балаева.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде шахматтық білім беру жүйесі мен педагог кадрларды даярлау бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті. Шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында педагогикалық жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімдердің қосымша кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған «Шахмат педагогі» Minor бағдарламасы енгізілді.

«Шахмат – зияткерлік ойын ғана емес, сонымен қатар сыни ойлауды, дербестікті, жауапкершілікті және стратегиялық жоспарлау қабілетін дамытатын тиімді білім беру құралы. Сондықтан біз үшін шахматтық білім беруді оқу үдерісіне кәсіби деңгейде кіріктіре алатын педагогтерді даярлау айрықша маңызды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс нақты нәтижесін беріп отыр. Нақтырақ айтсақ, бес педагогикалық жоғары оқу орнында 200-ден астам студент «Шахмат педагогі» Minor бағдарламасы бойынша білім алды, ал еліміздің 31 жоғары оқу орнында шахматтық білім беру пәндерін қамтитын білім беру бағдарламалары іске асырылып келеді. Тағы бір маңызды қадамдардың бірі QyzPU базасында KazChessLab оқу-әдістемелік зертханасының ашылуы болды. Бұл зертхана шахматты оқытудың заманауи әдістемелерін әзірлеудің, шахматтық білім беруді ғылыми-әдістемелік сүйемелдеудің және жаңа буын педагогтерін даярлаудың орталығына айналады. Бұл – педагогикалық білім беру сапасын арттыруға ғана емес, сондай-ақ еліміздің адами капиталы мен зияткерлік әлеуетін нығайтуға қосылған маңызды үлес», – деді Саясат Нұрбек.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев әлем чемпионатының университет қабырғасында өтуі ҚазҰУ үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шахмат – біздің елімізде жай ғана спорт түрі емес, ол интеллектуалдық мәдениеттің, тәрбие мен білімнің маңызды құрамдас бөлігі», – деп атап өткен болатын. Бұл ой бүгінгі чемпионаттың мәні мен маңызын терең айқындайды. Бүгін ҚазҰУ-да АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Грекия, Чили, Индонезия, Ресей, Аустралия және Оңтүстік Африка Республикасының жетекші жоғары оқу орындары бір алаңда бас қосып отыр», – деді Жансейіт Түймебаев.

Чемпионат Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа мен Азияның жетекші университеттерінің командаларын бір алаңға жинады. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов FIDE ұйымдастырып отырған университеттер арасындағы тұңғыш командалық әлем чемпионатының Қазақстанда өтуі еліміздің халықаралық беделінің жоғары екенін айғақтайтынын әрі академиялық ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

«Осындай деңгейдегі FIDE чемпионатын алғаш рет өткізу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Қазақстанның таңдалуы елімізге деген халықаралық сенімнің жоғары екенін көрсетеді. Университеттік шахмат спорт шеңберінен асып, халықаралық ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырады. Бүгін шахмат тақтасының басында алдағы жылдары компанияларды, ғылыми орталықтар мен мемлекеттік институттарды басқаратын жастар кездесіп отыр. Студенттік шақта қалыптасқан байланыстар көбіне ұзақ мерзімді халықаралық серіктестікке ұласады. Алматы – еліміздің ең ірі студенттік орталығы және мұндай ауқымды іс-шараны өткізуге лайық қала. Біз қатысушылар Қазақстаннан жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны туралы әсермен ғана емес, еліміздің қонақжайлығы жайлы жылы естеліктермен де аттанғанын қалаймыз», – деді Тимур Турлов.

Чемпионатқа шахмат бағдарламалары жоғары деңгейде дамыған университеттердің қатысуы ерекше қызығушылық тудырады. Saint Louis University, Webster University және The University of Texas at Dallas АҚШ-тағы ірі университетаралық шахмат жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпаздары саналады. Қазақстан намысын өз алаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ спорт және туризм академиясының командасы қорғайды.

FIDE ұйымдастырып отырған университеттер арасындағы тұңғыш командалық әлем чемпионаты халықаралық академиялық қауымдастық үшін маңызды оқиға болмақ. Бұл дода Қазақстанның әлемдік шахмат қозғалысындағы орнын нығайтып, университеттік спортты, халықаралық академиялық ынтымақтастықты және зияткерлік білім беруді дамытуға жаңа серпін береді.