
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында жұмыс істейтін «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті Алматы филиалының алғашқы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Жас мамандар «Ядролық физика және технологиялар», «Информатика және есептеуіш техника» білім беру бағдарламалары бойынша оқуын тамамдады.
Салтанатты шарада түлектерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев диплом табыстады. Алқалы жиынға ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин, Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев, МИФИ ҰЗЯУ Алматы филиалының жетекшісі Нұржан Нұрахов, сондай-ақ оқытушы-профессорлар, түлектер мен олардың ата-аналары қатысты.
Өз құттықтауында министр Саясат Нұрбек филиалдың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылы ашылғанын және қысқа мерзімде инфрақұрылымы толық жаңартылып, заманауи білім беру ортасы қалыптасқанын жеткізді.
«Бүгін біз «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университетінің Алматы филиалының алғашқы түлектеріне диплом табыстап, ерекше тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Бұл – филиал тарихындағы ғана емес, Қазақстандағы инженерлік білім беру жүйесінің дамуындағы маңызды белес. Сіздер әлемдегі жетекші инженерлік-техникалық университеттердің бірін тәмамдадыңыздар. МИФИ-дің Алматы филиалы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы үкіметаралық келісімдер аясында ашылып, төрт жылдың ішінде жоғары білікті инженер кадрларды даярлайтын заманауи білім беру орталығына айналды. МИФИ дипломы – сіздерге жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды құжат. Алдағы уақытта да атом саласының дамуына үлес қосатын жоғары білікті инженер кадрларды жүйелі түрде даярлауды жалғастыруымыз қажет», – деді министр.
Шарада ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев атом саласы мен жоғары инженерлік білім беру салалары үшін білікті кадрлар даярлаудың стратегиялық маңызын атап өтті.
«Түлектеріміз ел игілігі жолында абыроймен еңбек етеді деген сенімдемін. Қазақстан мен Ресей арасындағы академиялық ынтымақтастық бұдан әрі де нығайып, білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр. МИФИ Алматы филиалының алғашқы түлектерді ұшыруы – осы серіктестіктің тиімділігінің айқын дәлелі», – деп атап өтті ректор.
Сондай-ақ жиынға онлайн форматта қосылған МИФИ ҰЗЯУ ректорының міндетін атқарушы Наталья Барбашина Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігіне және серіктес университет ұжымына стратегиялық серіктестік үшін алғыс білдірді.
Қазіргі таңда МИФИ ҰЗЯУ Алматы филиалында 140-тан астам студент білім алып жатыр. Оқу процесіне Қазақстан мен Ресей Федерациясының жетекші оқытушылары жұмылдырылған.