
Бүгін Астанада Кореяның озық ғылым және технологиялар институтының (KAIST) филиалын Алатау қаласында ашу жөніндегі бірлескен флагмандық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің (ТЭН) ресми таныстырылымы өтті.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Корея Республикасының ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі, KAIST басшылығы мен сарапшылар тобы, сондай-ақ Alatau City басқарушы компаниясының өкілдері мен инвесторлары қатысты.
Кездесу барысында KAIST командасы QAIST жобасының аяқталған техникалық-экономикалық негіздемесінің нәтижелерін ұсынды. Онда болашақ университеттің тұжырымдамасы мен академиялық моделі, ғылыми зерттеулердің басым бағыттары, факультеттердің құрылымы мен білім беру бағдарламалары, сондай-ақ жобаны іске асырудың экономикалық тиімділігі мен ықтимал тәуекелдеріне берілген бағалау қамтылды. Сонымен қатар қатысушылар зерттеу қорытындыларын талқылап, жобаны іске асырудың алдағы кезеңдерін және оны жүзеге асырудың келесі қадамдарын айқындады.
Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жұмысының сәтті аяқталуы Қазақстан мен Корея Республикасының бірлескен бастамасын іске асырудағы маңызды кезең болды. Құжат жобаның академиялық және экономикалық тұрғыдан жоғары өміршеңдігін растап, болашақ ғылыми-білім беру кластерінің негізгі параметрлерін, заманауи кампустың құрылыс кезеңдерін және халықаралық деңгейдегі мамандар даярлау моделін айқындайды.
Оңтүстік Кореяның жетекші технологиялық жоғары оқу орны – KAIST филиалының Alatau City-де ашылуы Қазақстандағы жоғары білім мен ғылымды дамытуға бағытталған стратегиялық жобалардың біріне айналады. Бұл бастама халықаралық ғылыми-технологиялық орталықты қалыптастыруға, озық ғылыми зерттеулерді дамытуға, технологияларды коммерцияландыруға, әлемнің жетекші университеттерімен ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін жоғары білікті инженерлік кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.