AI-Sana: Baitursynuly University-дің ЖИ-экожүйесі білім алудың барлық кезеңінде сүйемелдейді

AI-Sana: Baitursynuly University-дің ЖИ-экожүйесі білім алудың барлық кезеңінде сүйемелдейді

AI-Sana: Baitursynuly University-дің ЖИ-экожүйесі білім алудың барлық кезеңінде сүйемелдейді

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде AI-Sana бағдарламасы аясында жасанды интеллект технологияларына негізделген Қазақстандағы ең ауқымды университеттік ЖИ-экожүйелердің бірі қалыптасты. Бүгінде экожүйе білім алушыны мектептен бастап университетті аяқтағанға дейінгі барлық білім беру жолында сүйемелдейтін өзара интеграцияланған 18 интеллектуалды цифрлық шешімді біріктіреді.

Білім алушының университетпен алғашқы танысуы мектеп қабырғасынан басталады. Бұл кезеңде талапкерлерге мамандық таңдауда AI-Профориентолог интеллектуалды Telegram-боты көмектеседі. Жүйе оқушының қызығушылықтарын, қабілеттері мен тұлғалық ерекшеліктерін талдап, оған сәйкес келетін білім беру бағытын ұсынады. Сервис тек мамандықтар туралы ақпарат беріп қана қоймай, талапкердің жеке білім беру траекториясын саналы түрде қалыптастыруына мүмкіндік жасайды.

Келесі кезеңде талапкерлерге AI-Talapker виртуалды көмекшісі қызмет көрсетеді. Telegram-бот тәулік бойы қабылдау науқанына қатысты сұрақтарға жауап беріп, білім беру бағдарламалары, оқу ақысы, мемлекеттік гранттар, жатақхана, қабылдау ережелері, қажетті құжаттар мен өтініш қабылдау мерзімдері туралы жедел ақпарат ұсынады. Бұл талапкерлердің қажетті мәліметті бірнеше секунд ішінде алуына мүмкіндік берсе, қабылдау комиссиясының жұмысын едәуір оңтайландырады.

Университеттің ең ірі цифрлық жобаларының бірі – AI-Mektep интеллектуалды білім беру платформасы. Бұл жүйе мектеп оқушыларын ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) даярлауға арналған. Платформа әсіресе сапалы дайындық курстарына қолжетімділігі шектеулі ауыл мектептерінің оқушылары арасында жоғары сұранысқа ие. Жасанды интеллект оқушының тапсырмалардағы қателерін талдап, біліміндегі олқылықтарды анықтайды, жеке оқу ұсынымдарын қалыптастырады және күрделі тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіреді.

Қазіргі уақытта AI-Mektep пилоттық енгізу кезеңінен өтіп жатыр. Платформаны Қостанай қаласы мен Қостанай облысының мектептері, сондай-ақ университеттің Foundation бағдарламасының тыңдаушылары пайдаланып келеді.

Пилоттық кезең қорытындылары жобаның тиімділігі мен жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті. Атап айтқанда, қатысушылардың 100 пайызы оқу үдерісінің ұйымдастырылуын оң бағаласа, платформаның орташа бағасы 4,67 балды құрады (ең жоғары көрсеткіш – 5 балл). Пайдаланушылар интерфейстің қолайлылығын, жаттығу тестілерінің тиімділігін және оқу материалдарын жедел қайталау мүмкіндігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар қатысушылардың шамамен 80 пайызы дайындықты сәтті аяқтап, ҰБТ тапсыруға дайын екенін растады. Жиналған кері байланыс негізінде платформа одан әрі жетілдіріліп жатыр.

Студент университетке қабылданғаннан кейін де цифрлық сүйемелдеу үздіксіз жалғасады. Университеттік AI-экожүйенің негізгі орталығы – Tutor KSU мобильді қосымшасы. Ол сабақ кестесін, Moodle платформасын, оқу тапсырмаларын, олардың орындалу мерзімдерін, хабарламаларды және жасанды интеллект құралдарын бір ортаға біріктіреді.

Оқу үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында университетте бірқатар интеллектуалды сервистер де енгізілген. Атап айтқанда, AI Librarian кітапхана қорындағы кітаптарды, ғылыми мақалалар мен өзге де материалдарды жылдам іздеуге мүмкіндік береді. AI Researcher ғылыми жарияланымдар мен зерттеулерді іздеу үдерісін жеңілдетеді. Ал интеллектуалды LMS кешені жиырмадан астам AI-микросервисті біріктіріп, тест тапсырмаларын әзірлеуді, білім беру контентін талдауды, оқу пәндерін сүйемелдеуді және басқа да академиялық үдерістерді автоматтандырады.

Жасанды интеллект технологиялары университеттің басқару жүйесінде де кеңінен қолданылады. Бүгінде білім беру үдерісінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірнеше интеллектуалды жүйе жұмыс істейді. EduFace Control бет-әлпетті тану технологиясы арқылы студенттер мен оқытушылардың сабаққа қатысуын автоматты түрде тіркейді. EduRisk System академиялық үлгерімді талдап, тәуекел тобындағы студенттерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. PracticeFlow AI педагогикалық практиканы ұйымдастыру үдерісін автоматтандырса, KRU LoadFlow кафедралардың оқу жүктемесін қалыптастыруды оңтайландырады. Ал EduFlow MOOC жаппай ашық онлайн-курстарды әзірлеу мен іске асыруды сүйемелдейді.

Baitursynuly University AI-экожүйесінің басты ерекшелігі – барлық цифрлық шешімдердің біртұтас білім беру ортасы ретінде жұмыс істеуі. Экожүйе білім алушының бүкіл академиялық жолын қамтиды: мамандық таңдаудан бастап университетке түсу, ҰБТ-ға дайындық, оқу, ғылыми зерттеулер жүргізу, білім беру үдерісін ұйымдастыру және университетті басқару жүйесіне дейінгі барлық кезеңдерді өзара байланыстырады.

Университет жасанды интеллектіні оқытушыны алмастыратын технология емес, оның кәсіби қызметін қолдайтын тиімді құрал ретінде қарастырады. Мұндай тәсіл оқытушыларға шығармашылыққа, ғылыми ізденіске және студенттермен тікелей жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде қалыптасқан AI-экожүйе білім беруді қолжетімді әрі тиімді етуге, академиялық үдерістерді цифрландыруға және университетті басқарудың деректерге негізделген заманауи моделін дамытуға бағытталған.