
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Сколково ғылым және технологиялар институтының (Сколтех) өкілдерімен кездесуі өтті. Аталған институт – халықаралық деңгейдегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі әрі «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында ғылыми тағылымдамадан өтуге ұсынылатын ұйымдар тізіміне енгізілген. Кездесу барысында тараптар ғылым, жоғары білім, зерттеуші кадрларды даярлау және инновацияларды дамыту салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сколково ғылым және технологиялар институты арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатқа Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова және Сколтехтің стратегиялық серіктестік жөніндегі вице-президенті Алексей Ситников қол қойды.
Меморандумға сәйкес тараптар стратегиялық маңызды бағыттар бойынша академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыруға, ғылыми тағылымдамалар мүмкіндіктерін кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі қазақстандық ғалымдар, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер, магистранттар мен докторанттар үшін ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру болады. Тағылымдамадан өтушілерге Сколтехтің заманауи зерттеу инфрақұрылымына, кітапхана ресурстарына және ғылыми зертханаларына қолжетімділік беріледі. Сонымен қатар зерттеушілердің кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған бірлескен конференциялар, семинарлар, дәрістер және білім беру бастамаларын өткізу жоспарланып отыр.
Аталған ынтымақтастық қазақстандық ғалымдарға, ғылыми-педагогикалық қызметкерлерге, магистранттар мен докторанттарға жетекші зерттеу университеттерінің бірінде тағылымдамадан өтуге, озық ғылыми инфрақұрылымға, заманауи зертханаларға және халықаралық ғылыми жобаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сколтехпен ынтымақтастықты дамыту – Қазақстанның халықаралық ғылыми байланыстарын нығайту бағытындағы министрліктің жүйелі жұмысының жалғасы. 2025 жылғы желтоқсанда қазақстандық делегация Мәскеуге сапары аясында Сколково ғылым және технологиялар институтына барып, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарымен өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын талқылады. Сколтех өкілдері Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен, оның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ALT University, Нархоз университеті және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісті. Серіктестікті одан әрі дамыту аясында Сколково ғылым және технологиялар институты мен Satbayev University арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат Қазақстанның іргелі инженерлік мектебі мен Сколтехтің озық Deep Tech құзыреттерін біріктіруге бағытталған.
Сколтех – ғылым, технологиялар және кәсіпкерлік салаларында жаңа буын көшбасшыларын даярлайтын халықаралық зерттеу университеті. Университет ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттары бойынша озық зерттеулер жүргізіп, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді. Сколтех Nature Index рейтингі бойынша әлемдегі үздік 100 жас университеттің қатарына екі рет енді. Бұл оның ғылыми зерттеулерінің жоғары деңгейін және халықаралық мойындалуын көрсетеді.
Меморандумға қол қою ғылым және жоғары білім саласындағы қазақстандық-ресейлік ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңін айқындайды. Бірлескен зерттеулерді іске асыру, академиялық ұтқырлықты және ғылыми тағылымдамалар мүмкіндіктерін кеңейту Қазақстанның зерттеу әлеуетін нығайтуға, жоғары білікті кадрлар даярлауға және отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.