Сәтбаев университетінің FabLab командасы АҚШ-тың Массачусетс технологиялық институтында (MIT) өткен FAB26 халықаралық конференциясына қатысып, Қазақстанның инженерлік кадрларды даярлау тәжірибесін халықаралық қауымдастыққа таныстырды. 27-31 шілде аралығында өткен форумға әлемнің 55 елінен 1 000-нан астам сарапшы, зерттеуші және FabLab қауымдастығының өкілдері жиналды.
FAB26 конференциясына FabLab Satbayev University зертханасының директоры, қауымдастырылған профессор Руслан Мұқанов және зертхана инженері, магистрант Саят Ахметов қатысты. Олар Education & Learning секциясында «Micro-Qualifications in a University FabLab: Fast, Industry-Aligned Skills in Reverse Engineering» тақырыбында баяндама жасап, университет жанындағы FabLab негізінде инженер мамандарды микробіліктілік жүйесі арқылы даярлаудың қазақстандық тәжірибесін ұсынды.
FabLab Satbayev University – Массачусетс технологиялық институтының бастамасымен құрылған әлемдік FabLab Network желісінің мүшесі. Бұл желі бүгінде әлемнің түрлі елдеріндегі 1500-ден астам цифрлық өндіріс зертханасын біріктіріп, білім беру, ғылыми зерттеу және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Конференция барысында университеттің Purdue University (АҚШ) университетімен бірлесіп, Caterpillar Foundation және ASSIST International қолдауымен жүзеге асырып жатқан IMPACT (Industry-aligned Minor Programs for Applied Career Training) жобасы таныстырылды. Жоба аясында студенттер дуалды оқыту форматы бойынша «3D-модельдеу», «Сандық бағдарламалық басқаруы бар станок операторы» және «Прототиптеу» бағыттары бойынша қосымша кәсіби микробіліктілік алады.
Білім беру бағдарламаларының мазмұны Қазақстанның алты өнеркәсіптік кәсіпорнының қатысуымен әзірленіп, олардың сұранысына сәйкес бейімделген. Қазіргі уақытта алғашқы 31 студент оқудан өтіп жатыр. Жоба аясында зертхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, бес осьті өңдеу орталығы қайта іске қосылды. Келесі кезеңде мехатроника бағыты бойынша жаңа микробіліктілік бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр.
Сәтбаев университетінің тәжірибесі конференцияға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Әртүрлі елдердің FabLab өкілдері қазақстандық модельді өз университеттерінде енгізу мүмкіндіктері, жұмыс берушілермен тиімді әріптестік орнату және дуалды оқыту тетіктері жөнінде пікір алмасты. Университеттің қысқа уақыт ішінде FabLab зертханасын іске қосып, микробіліктілік бағдарламаларын әзірлеп, халықаралық деңгейде өз тәжірибесін ұсынуы кәсіби қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды.
Конференция аясында Caterpillar Foundation вице-президенті Аманда Хиллигас және жаһандық бағдарламалар жөніндегі менеджері Глен Харриспен кездесу өтті. Тараптар IMPACT жобасының аралық нәтижелерін, сондай-ақ мехатроника бағыты бойынша жаңа білім беру бағдарламасын іске асыруға қатысты алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
«FAB26 конференциясына қатысу қазақстандық инженерлік білім беру тәжірибесін халықаралық кәсіби қауымдастыққа таныстыруға мүмкіндік берді. Біз өзіміздің тәжірибеде қолданылып жатқан моделімізді ұсынып, оның тиімділігіне қатысты халықаралық сарапшылардың оң бағасын алдық», – деді Satbayev University FabLab зертханасының директоры Руслан Мұқанов.
Айта кетейік, FAB26 – FabLab қозғалысының 25 жылдығына арналған мерейтойлық конференция. Биылғы форумды FabLab желісінің негізін қалаушы, MIT профессоры Нил Гершенфельд пен MIT президенті Салли Корнблут ашты. Конференцияның негізгі спикерлері қатарында АҚШ-тың бұрынғы технологиялар жөніндегі директоры Меган Смит, Toyota Research Institute компаниясының бас директоры Гилл Пратт, Prusa Research негізін қалаушы Йозеф Пруса және Formlabs компаниясының бас директоры Макс Лобовски болды.