
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жасанды интеллектіге негізделген барлық жобаларды бір экожүйеге біріктіріп, оларды жүйелі түрде дамытуға бағытталған Auezov AI First бірыңғай бастамасы жүзеге асырылады.
Жоба университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу және басқару қызметтеріне жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуді көздейді. Бүгінде аталған экожүйе аясында бірқатар цифрлық шешімдер іске қосылған. Олардың қатарында университет қызметі туралы жедел ақпарат ұсынатын Auezov Official AI Bot, студенттер мен талапкерлерге ақпараттық қолдау көрсететін чат-бот, құжат айналымын цифрландырып, басқару үдерістерін автоматтандыратын Auezov Document жүйесі, университеттің әлеуметтік желілерін тиімді басқаруға арналған Auezov KazSMM платформасы, сондай-ақ студенттердің сабаққа қатысуын автоматты түрде есепке алатын цифрлық сервис бар.
Университетте табысты жүзеге асырылып жатқан AI-Sana бағдарламасы студенттердің жасанды интеллект саласындағы білімін тереңдетіп, практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Бағдарламаның бірінші кезеңінде 21 194 білім алушы оқу курсын сәтті аяқтап, сертификат алды. Екінші кезеңге 8 685 студент тіркелді. Стартап-жобаларды әзірлеу кезеңінде 7 792 студент тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, олардың 3 791-і ресми түрде іріктелген 100 мың қатысушының қатарына енді.
Сонымен қатар университет студенттерінің халықаралық білім беру платформаларындағы белсенділігі де артып келеді. Жыл басынан бері Coursera платформасына 1 200 студент тіркеліп, олар жалпы саны 2 031 сертификатқа ие болды.
Auezov AI First бастамасы аясында алдағы уақытта да жаңа интеллектуалды сервистер мен инновациялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын білім беру, ғылым және басқару үдерістеріне кешенді енгізу жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады.