Алматы қаласында Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT Университетінің базасында «Қазақстан автомобиль жолдарының жай-күйі, мәселелері және дамуы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара Жолшылардың үкіметаралық кеңесінің IX халықаралық автожорығының Қазақстандағы кезеңі аясында ұйымдастырылып, ғалымдарды, бейінді жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдерін, сондай-ақ ТМД елдерінің жол-көлік саласындағы жетекші сарапшыларын бір алаңға жинады.
Конференция халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, озық инженерлік тәжірибе мен инновациялық шешімдер алмасуға, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға бағытталды. Конференция жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғалымдары мен мамандары қатысты.
Жиын барысында халықаралық көлік дәліздерін дамыту, жол саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, көлік инфрақұрылымындағы заманауи ғылыми зерттеулер, инновациялық материалдар мен цифрлық технологияларды енгізу, көлік ағындарын модельдеу, инженерлік геология, жол қозғалысы қауіпсіздігі, сондай-ақ автомобиль жолдарының сенімділігі мен ұзақ мерзімділігін арттыруға бағытталған инженерлік шешімдер талқыланды.
Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын салу және пайдалану саласында жаңа материалдар мен технологияларды әзірлеуге бағытталған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелері таныстырылды.
Конференция аясындағы маңызды оқиғалардың бірі Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT Университеті мен Жолшылардың үкіметаралық кеңесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, халықаралық білім беру жобаларын іске асыруға, академиялық ұтқырлықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және көлік саласы үшін жоғары білікті инженерлік кадрлар даярлауға бағытталған.
Конференция жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен ТМД мемлекеттерінің салалық институттары арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етті. Іс-шара қорытындылары көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірлескен ғылыми зерттеулерді жалғастыруға, заманауи инженерлік шешімдерді енгізуге және жол саласындағы халықаралық серіктестікті одан әрі нығайтуға негіз болады.
Айта кету керек, Жолшылардың үкіметаралық кеңесінің IX халықаралық автожорығы 2026 жылғы 20-28 шілде аралығында Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан аумағында өтті. Бағдарлама аясында халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, көшпелі семинарлар, автомобиль жолдары мен көлік инфрақұрылымы нысандарына техникалық мониторинг жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастық пен бизнес өкілдерінің кездесулері ұйымдастырылды.