AI-Sana: Қарағанды техникалық университетінде агроөнеркәсіп кешеніне арналған ЖИ шешімдері әзірленеді

AI-Sana: Қарағанды техникалық университетінде агроөнеркәсіп кешеніне арналған ЖИ шешімдері әзірленеді

AI-Sana: Қарағанды техникалық университетінде агроөнеркәсіп кешеніне арналған ЖИ шешімдері әзірленеді

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде AI-Sana инновациялық бағдарламасы аясында жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне, ғылыми зерттеулерге, өндірістік және кәсіпкерлік бағыттарға енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – ауыл шаруашылығына арналған AgroSky стартапы. Жоба жасанды интеллект технологиялары негізінде егістік алқаптары туралы деректерді талдауға мүмкіндік береді. Жүйе топырақ құрамын, ылғал деңгейін, өсімдіктердің жай-күйін және тыңайтқыш қажет аумақтарды анықтап, фермерлерге егістікті тиімді басқаруға арналған нақты ұсыныстар ұсынады.

Жоба әзірлеушілерінің мәліметінше, технология өндірістік шығындарды 30%-ға дейін төмендетуге және өнімділікті 10-15%-ға арттыруға мүмкіндік береді. AgroSky халықаралық GCIP 2025 бағдарламасының іріктеу кезеңдерінен өтіп, шамамен 250 жоба арасынан таңдалған 50 үздік команданың қатарына енді.

AI-Sana бағдарламасы шеңберінде университетте геологиялық деректерді цифрландыру және өңдеу бағыттары да дамып келеді. Ғалымдар мен студенттер пайдалы қазба кен орындарын 3D және 4D модельдеу, бұрғылау жұмыстары кезіндегі тәуекелдерді болжау, геофизикалық мәліметтерді талдау және цифрлық картографиялау салаларында зерттеулер жүргізеді.

Өнеркәсіптік бағыттағы ғылыми жобаларда Big Data және жасанды интеллект технологиялары негізінде цифрлық модельдер әзірленеді. Цифрлық егіздер технологиясы өндірістік жабдықтардың жұмысын алдын ала бағалауға, технологиялық үдерістерді оңтайландыруға, өнім сапасын арттыруға және шығындарды азайтуға бағытталған.

Сонымен қатар Индустрия 5.0 тұжырымдамасы аясында агроөнеркәсіптік нысандарды жасанды интеллект негізінде басқару жүйелерін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жасанды интеллект саласындағы практикалық даярлықты күшейту мақсатында заманауи Hikvision жабдықтарымен жабдықталған зертхана іске қосылды. Зертханада студенттер бейнеаналитика, интеллектуалды қауіпсіздік жүйелері, деректерді өңдеу және цифрлық бақылау технологияларын меңгереді.

Университет жасанды интеллект технологияларын тек IT саласында ғана емес, көлік, логистика, геология, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тіл үйрету және қауіпсіздік бағыттарында қолдануға басымдық беріп отыр.

Жасанды интеллект бойынша білімді ерте жастан қалыптастыру мақсатында университет Қарағанды қаласындағы «Кәусар» Оқушылар сарайымен ынтымақтастық орнатқан. Бірлескен жұмыс аясында оқушылар робототехника, Arduino, заттар интернеті (IoT), STEM, VR-архитектура және бағдарламалау бағыттары бойынша білім алып, университет зертханалары мен технопарктерінде тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді.

AI-Sana бағдарламасы студенттік идеяларды технологиялық өнімге айналдыруға мүмкіндік береді. Университеттің Коммерцияландыру офисі жас әзірлеушілерге жобаларды әзірлеу, дамыту, коммерцияландыру және инвестиция тарту бағыттарында қолдау көрсетеді.

AI-Sana аясындағы жұмыстар студенттерге жасанды интеллект құралдарын меңгерумен қатар нақты міндеттерді анықтап, оларды ғылыми, инженерлік және технологиялық шешімдерге айналдыруға мүмкіндік береді.