
AI-Sana бағдарламасы аясында еліміздің жоғары оқу орындарында жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру және AI технологияларын білім беру, ғылым мен басқару үдерістеріне енгізу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бағдарламаны іске асырудың нәтижелері туралы жарияланымдар легін жалғастырамыз.
Торайғыров университеті 2025 жылы AI-Sana бағдарламасының бірінші кезеңін табысты аяқтады. Университет студенттері Coursera, Huawei ICT Academy және Astana Hub сияқты жетекші білім беру платформаларында жалпы саны 15 275 сертификат иеленді. Оқыту қорытындысы бойынша университет алынған сертификаттар саны жөнінен Huawei ICT Academy академияларының әлемдік ТОП-10 рейтингіне енді. Бағдарламаның бірінші кезеңі аясында университетте білім беру, әкімшілік, ғылыми және ақпараттық үдерістерді цифрландыруға бағытталған 5 жасанды интеллект агенті әзірленді.
2026 жылы AI-Sana бағдарламасы жаппай оқыту кезеңінен жасанды интеллект құзыреттерін практикалық қолдану кезеңіне өтті. Қазіргі уақытта бағдарламаның екінші кезеңі іске асырылады. Бұл кезеңге 2 600-ге жуық студент қатысып, кәсіпкерлік ойлау, командалық жұмыс және жасанды интеллект технологияларын нақты міндеттерді шешуде қолдану дағдыларын меңгеріп жатыр.
Биыл университетте білім беру және басқару үдерістерін жетілдіруге бағытталған 13 жаңа жасанды интеллект агенті әзірленіп жатыр. Студенттердің практикалық даярлығын күшейту мақсатында Үндістанмен бірлескен оқыту бағдарламасы ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде студенттер жасанды интеллект, цифрлық сервистер, жобалық жұмыс және технологиялық кәсіпкерлік бағыттарында 7 инновациялық жобаны әзірледі. Сонымен қатар университетте студенттердің цифрлық құзыреттерін дамытуға және IT қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған TITAN (Toraighyrov IT Advance Network) студенттік IT-қоғамдастығы құрылды. Бағдарламаны іске асырудағы маңызды инфрақұрылымдық қадамдардың бірі – Торайғыров университеті базасында AI-зертханасының ашылуы болды.
Сондай-ақ университет базасында Tomorrow School жасанды интеллект мектебі өз жұмысын бастады. Мектеп студенттердің AI саласындағы практикалық дағдыларын дамытуға, білікті әзірлеушілер пулын қалыптастыруға және жасанды интеллектіге негізделген жобаларды іске асыруға бағытталған.
Алдағы кезеңде университет индустриялық серіктестермен бірлесіп экономиканың түрлі салаларына арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл білім беру үдерісін еңбек нарығының нақты сұраныстарымен ұштастыруға, студенттік жобалардың практикалық құндылығын арттыруға және жасанды интеллект технологияларын өндірістік ортаға енгізуге мүмкіндік береді.
Инклюзивті цифрлық шешімдерді дамыту аясында Involve Ecosystem экожүйесіне ерекше назар аударылады. Оның құрамына мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған ИнваТакси мобильді қосымшасы кіреді. Аталған бастама ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің қолдауына ие болып, экожүйені республика көлемінде кеңейту жөнінде тиісті тапсырма берілді. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.