
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде вице-министр Талғат Ешенқұловтың Корея Республикасының Инженерлік білім беруді аккредиттеу кеңесінің (Accreditation Board for Engineering Education of Korea, ABEEK) президенті, профессор Woo-Seung Kim-мен кездесуі өтті.
Кездесу барысында кореялық тарап 1999 жылы құрылған және инженерия, компьютерлік ғылымдар мен басқа да техникалық даярлау бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын аккредиттеуді жүзеге асыратын ABEEK ұйымының қызметін таныстырды.
ABEEK өкілдері инженерлік білім беру бағдарламаларын аккредиттеу тәжірибесімен бөлісіп, мамандар даярлау сапасын бағалаудың қолданыстағы тетіктері, аккредиттеу кезеңдері мен критерийлері, сондай-ақ инженерлік білім беру сапасын қамтамасыз ету үдерісінде жұмыс берушілермен, кәсіби қауымдастықтармен және өзге де мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесі туралы жан-жақты ақпарат берді.
Тараптар инженерлік білім беруді дамытудың заманауи тәсілдерін талқылап, білім беру бағдарламаларының сапасын бағалаудың халықаралық стандарттарын енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысында ABEEK ұйымымен ынтымақтастықтың қазақстандық жоғары оқу орындары үшін маңызды екені айтылды. Корея Республикасының жетекші аккредиттеу ұйымымен өзара іс-қимыл инженерлік білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіруге, білім беру бағдарламаларының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік білім беру кеңістігіндегі ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.