AI-Sana аясында қазақстандық студенттер жасанды интеллект саласындағы білімдерін нақты жобаларға айналдырады

AI-Sana аясында қазақстандық студенттер жасанды интеллект саласындағы білімдерін нақты жобаларға айналдырады

AI-Sana аясында қазақстандық студенттер жасанды интеллект саласындағы білімдерін нақты жобаларға айналдырады

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект экожүйесін дамыту және жоғары білікті цифрлық кадрлар даярлау жөніндегі міндеттерді іске асыруға бағытталған стратегиялық бастамаларының бірі – AI-Sana бағдарламасының II кезеңі табысты аяқталды.

Бағдарлама аясында студенттер жасанды интеллект саласындағы білімін тереңдетіп қана қоймай, оны нақты жобалар арқылы тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды. Бүгінде олардың бастамасымен мемлекеттік басқару, білім беру, экология және цифрлық сервистерге арналған AI шешімдері әзірленіп жатыр. Бағдарламаның бірінші кезеңіне университеттің 10 мыңнан астам студенті қатысты. Ал екінші кезеңіне алғашқыда 3 мыңнан аса білім алушы, кейіннен 4 085 студент қатысуға жолдама алып, олардың 2 550-і оқу бағдарламасын толық аяқтап, кезең талаптарын сәтті орындады.

Студенттер үшін қосымша практикалық сабақтар ұйымдастырылып, оқу платформаларымен жұмыс істеу, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану және жобаларды әзірлеу бағытында тұрақты әдістемелік қолдау көрсетілді.

Бағдарлама барысында алынған білім бүгінде нақты жобаларға ұласып отыр. Университеттің Стартап кеңсесінде студенттер мен жас зерттеушілер қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған AI жобаларын әзірлеп жатыр. Солардың бірі – білім беру ұйымдарында жәбірлеудің алдын алып, оқушыларға дер кезінде психологиялық қолдау көрсетуге арналған AI-Jan әлеуметтік платформасы. Жоба 2025 жылғы AI-Sana бағдарламасының республикалық қорытынды іс-шарасында «Жылдың үздік әлеуметтік AI жобасы» номинациясының жеңімпазы атанды.

Сонымен қатар In-Map платформасы өңірдегі инвестициялық жобаларды басқару мен мониторингтеуге арналған цифрлық жүйе ретінде Түркістан облысында пилоттық режимде енгізіліп жатыр. Baqylay.kz жобасы электрондық мемлекеттік сатып алулардағы тәуекелдерді жасанды интеллект арқылы талдап, бюджет қаражатының тиімді әрі ашық игерілуін бақылауға мүмкіндік береді.

Ал университеттің Ботаникалық бағы негізінде жүзеге асырылып жатқан Digital Twin жобасы IoT датчиктері мен дрондардан алынатын деректер арқылы өсімдіктердің жай-күйін бақылап, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, қазақ тіліндегі цифрлық коммуникацияны дамытуға, жасанды интеллект технологияларын білім беру және мемлекеттік қызмет көрсету салаларында қолдануға арналған 3D Avatar пен Soile жобалары әзірленеді.

AI-Sana бағдарламасының келесі кезеңінде студенттер жобалық оқыту форматына көшіп, өздерінің AI өнімдері мен стартаптарын дамытуға мүмкіндік алады. Осы мақсатта университет қазақ тіліндегі авторлық оқу материалдарын әзірлеуді, заманауи AI құралдары мен интеллектуалды агенттерге негізделген тәжірибелік оқытуды кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар студенттердің озық AI платформаларын пайдалану мүмкіндігін арттыру бағытында халықаралық серіктестермен бірлескен жұмыстар жалғасады.