ҚазҰУ-да инклюзивті цифрлық платформа әзірленді

ҚазҰУ-да инклюзивті цифрлық платформа әзірленді

ҚазҰУ-да инклюзивті цифрлық платформа әзірленді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде инклюзивті цифрлық платформа әзірленді. Жоба мүмкіндігі шектеулі студенттердің білім алуына және университет өміріне белсенді қатысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Әзірлеме ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті студенттерінің өндірістік тәжірибесі аясында жүзеге асырылды. Бастамаға ҚазҰУ-дың Ақпараттық технологиялар департаменті мен Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты қолдау көрсетті.

Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Диляра Урманованың айтуынша, бұл – Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі студенттердің тікелей қатысуымен жүзеге асырылған алғашқы толыққанды жоба.

«Жобаның басты ерекшелігі – нақты цифрлық өнімді инклюзивті студенттер командасының бірлесіп әзірлеуі. Жобаға есту және көру қабілеті бұзылған, сондай-ақ сал ауруына шалдыққан білім алушылар қатысты. Тиімді коммуникацияны қамтамасыз ету үшін кәсіби сурдоаудармашы тартылды. Ал цифрлық қолжетімділікке қатысты барлық шешімдер мүмкіндігі шектеулі студенттердің тәжірибесі ескеріле отырып әзірленіп, сынақтан өткізілді», – деді ол.

Жоба аясында қатысушылар бағдарламалық өнімді әзірлеудің толық циклінен өтті. Олар талаптарды талдап, жүйе архитектурасын жобалады. Сонымен қатар функционалдық модульдерді әзірлеп, интерфейстің қолжетімділігін тексеріп, платформаны іске қосты.

Нәтижесінде жаңалықтар мен медиа бөлімі, іс-шаралардың интерактивті күнтізбесі, Тұрақты даму мақсаттарына арналған блог, медиагалерея және өзге де цифрлық сервистерді қамтитын заманауи веб-платформа жасалды.

Студенттер әзірлеген инклюзивті цифрлық платформа Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының қызығушылығын тудырды. Қазіргі таңда орталық жобаны одан әрі дамыту мүмкіндіктерін және оны әлеуметтік қорғау саласындағы инклюзивті цифрлық шешімдерді әзірлеуге, кәсіби дамуды қолдауға әрі азаматтардың әртүрлі санаттары үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыруға негіз ретінде пайдалану мүмкіндігін қарастырады.