Atyrau Oil and Gas University базасында Губкин университеті филиалына оқуға түсу емтиханы өтіп жатыр

Atyrau Oil and Gas University базасында Губкин университеті филиалына оқуға түсу емтиханы өтіп жатыр

Atyrau Oil and Gas University базасында Губкин университеті филиалына оқуға түсу емтиханы өтіп жатыр

Atyrau Oil and Gas University базасында Атырау қаласында ашылған И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті филиалына талапкерлерді қабылдау емтиханы өтіп жатыр. Биылғы қабылдау емтиханына еліміздің әр өңірінен, атап айтқанда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан талапкерлер келді.

Талапкерлер математика және орыс тілі пәндері бойынша жазбаша сынақ тапсырады. 2026-2027 оқу жылына филиалға 100 білім беру гранты бөлінген.

Филиалдың атқарушы директоры Еділ Садықовтың айтуынша, оқу орны жастарға халықаралық деңгейдегі білім алып, болашақта сұранысқа ие инженер атануға мүмкіндік береді. Бұл бастама Қазақстан мен Ресей арасындағы білім мен ғылым саласындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын нәтижесі.

– Бұл өз болашағын мұнай-газ саласымен байланыстыруды мақсат еткен жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде Қазақстанға өндірістік үдерістерді жетік меңгерген, заманауи технологияларды игерген және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті инженерлер қажет. Губкин университеті филиалының ашылуы студенттерге сапалы білім алуға, кәсіби тұрғыдан дамып, жетекші компанияларда тәжірибеден өтуге және табысты мансап қалыптастыруға жол ашады, – деп атап өтті Е.Садықов.

Қабылдау емтиханын Мәскеуден келген И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамы өткізеді. Сараптамалық комиссия құрамына мұнай-газ саласында көпжылдық тәжірибесі бар мамандар, сондай-ақ танымал ғалымдар мен педагогтер енген. Бұл талапкерлердің білім деңгейін әділ әрі кәсіби бағалауға және халықаралық стандарттарға сәйкес болашақ мамандарды іріктеуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, Atyrau Oil and Gas University базасында орналасқан Губкин университетінің филиалы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ашылған болатын. Қазір мұнда үш білім бағдарламасы бойынша 100-ге жуық студент білім алады.