
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхайға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің қатысуымен Қазақ ұлттық спорт университеті, Xinhua Daily Media Group және Нанкин пошта және телекоммуникациялар университеті (Nanjing University of Posts and Telecommunications) спорт журналистикасына арналған бірлескен AI медиа-зертханасын құру жөніндегі үшжақты келісімге қол қойды.
Жоба спорт журналистикасын дамытуға, медиа өндірісіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге және медиа, цифрлық технологиялар мен AI тоғысындағы жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.
AI медиа-зертханасының құрылуы Қазақстан мен Қытайдың ғылыми, білім беру және технологиялық әлеуетін біріктіріп, инновациялық медиа-шешімдерді әзірлеуге, бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға және спорттық коммуникациялардың болашағын қалыптастыратын жоғары білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.
Аталған келісімге қол қойылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру, ғылым және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі болды.