Қазақстанның жаңа академиялық жеті томдық тарихы баспаға ұсынылды

Қазақстанның жаңа академиялық жеті томдық тарихы баспаға ұсынылды

Қазақстанның жаңа академиялық жеті томдық тарихы баспаға ұсынылды

Бүгін, 15 шілде күні, Астана қаласында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Кариннің төрағалығымен «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жаңа академиялық жеті томдық басылымның Жалпы редакциялық алқасының қорытынды отырысы өтті. Жиында академиялық басылымның қорытынды, жетінші томын әзірлеу жұмыстарының нәтижелері қаралып, редакциялық алқа мүшелерінің ұсыныстары негізінде енгізілген толықтырулар мен түзетулер талқыланды.

Заманауи ғылыми талаптар мен халықаралық академиялық стандарттарға сәйкес әзірленген көптомдық «Қазақстан тарихы» басылымын дайындау бастамасы Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында белгіленген міндеттер аясында қолға алынған болатын. Ауқымды ғылыми жоба Ұлы даланың мыңжылдық тарихын кешенді түрде зерделеуге, қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің қалыптасуы мен даму сабақтастығын ғылыми тұрғыдан негіздеуге, сондай-ақ ұлттық тарихты қазіргі заманғы зерттеу әдістері мен жаңа дереккөздер негізінде қайта пайымдауға бағытталған. Авторлар ұжымы тарихи үдерістерді объективті бағалап, Қазақстан халқының ортақ тарихи жады мен ұлттық бірегейлігін нығайтуға үлес қосуды басты мақсат ретінде айқындады.

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары жеті томдық академиялық басылымның әзірленуі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды ғылыми жобалардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының ұлттық тарихты зерделеуге бағытталған бастамалары отандық тарих ғылымының дамуына жаңа серпін бергенін айтты.

«Бүгін біз жеті томдық академиялық басылымның қорытынды 7-томының қолжазбасын бекіттік. Осылайша, бір жыл ішінде ауқымды жұмысты аяқтадық. Бұл еңбекке 350-ден астам отандық және 12 елден келген 56 шетелдік ғалым атсалысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы күннен бастап ұлттық тарих мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президенттің бастамалары отандық тарих ғылымының жаңа кезеңін қалыптастырды. Соның айқын мысалы – Алтын Орда тақырыбы бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылған жұмыстар. 2019 жылы бұл мәселе алғаш көтерілсе, кейін Ұлытауда Жошы хан кесенесі маңындағы орталықтың құрылысы басталды, Жошы ұлысын зерттеу институты құрылды, академиялық көптомдықтың жеке томы Алтын Ордаға арналды, ал биыл Астанада ЮНЕСКО деңгейінде халықаралық симпозиум өтті. Бұл – Мемлекет басшысының бастамаларды жүйелі әрі дәйекті жүзеге асыруының нақты көрінісі», – деді Ерлан Карин.

Сонымен қатар Ерлан Карин академиялық көптомдықты әзірлеу барысында қалыптасқан жаңа ғылыми тұжырымдардың мемлекеттік маңызы бар шешімдерге де негіз болғанын айтты.

«Академиялық көптомдықты әзірлеу барысында қалыптасқан жаңа ғылыми ұстанымдар мемлекеттік деңгейдегі маңызды шешімдерде де көрініс тапты. Соның айқын дәлелі – Қазақстан Республикасы Конституциясының преамбуласына ұлттық тарихымызға қатысты тұжырымның енгізілуі. Преамбуладағы «Ұлы даланың мыңдаған жылдық мұрасын сақтай отырып» деген қағида мемлекетіміздің тарихи тамырының тереңде жатқанын айқындайды. Мұндай норманы Конституция мәтініне енгізу үлкен ғылыми зерттеулерді, жан-жақты дәлелдеуді және ұзақ талқылауды талап етті. Соның нәтижесінде бұл маңызды қағида Ата заңымызда өз орнын тапты. Демек, көптомдықты әзірлеу барысында жүргізілген ғылыми ізденістер нақты мемлекеттік маңызы бар нәтижелерге жеткізді», – деді Ерлан Карин.

Отырыс барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, редакциялық алқа құрамындағы жетекші ғалымдардың қатысуымен «Тәуелсіз Қазақстан» атты жетінші томды пысықтау жұмыстарының қорытындылары қаралды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 5 шілдеде өткен редакциялық алқа отырысында тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбілдің, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айдос Сарымның және PhD доктор Михаил Ақұловтың тарапынан берілген ескертулер мен ұсыныстар толық көлемде ескеріліп, тиісті өзгерістер енгізілгені атап өтілді.

Жалпы редакциялық алқа атқарылған жұмыстың нәтижелеріне оң баға беріп, «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық жеті томдығының «Тәуелсіз Қазақстан» атты жетінші томын баспаға ұсыну туралы шешім қабылдады.

Отырыс қорытындысы бойынша Ерлан Карин академиялық жеті томдықты әзірлеу жұмыстарының аяқталуымен құттықтап, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан редакциялық алқа мүшелері мен авторлар ұжымына алғыс білдірді. Сонымен қатар ол редакциялық алқа мүшелеріне ҚР жаңа Конституциясының даналарын салтанатты түрде табыс етті.