Ғылым мен өндіріс интеграциясы: Қазақстанның автомобиль жасау саласын роботтандыру бойынша ғылыми әзірлемелер таныстырылды

Ғылым мен өндіріс интеграциясы: Қазақстанның автомобиль жасау саласын роботтандыру бойынша ғылыми әзірлемелер таныстырылды

Ғылым мен өндіріс интеграциясы: Қазақстанның автомобиль жасау саласын роботтандыру бойынша ғылыми әзірлемелер таныстырылды

14-15 шілде күндері Қостанай қаласында Allur өндірістік алаңында Қазақстанның автомобиль жасау кәсіпорындарын роботтандыру және өнеркәсіптік автоматтандыру мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті.

Іс-шара барысында отандық кәсіпорындарды роботтандырудың келешегі, ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын күшейту, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу және коммерцияландыру тетіктері талқыланды. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы айқындаған ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттермен үндеседі.

Семинар «Жасанды интеллект негізінде Қазақстанның автомобиль жасау кәсіпорындарын икемді роботтандыруға және өнеркәсіптік автоматтандыруға (RPA) арналған роботтарды, ғылыми-техникалық және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасының аралық нәтижелерін таныстыруға арналды.

Аталған бағдарламаны Академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты Тұран университетімен, Allur компаниялар тобымен және ҚР Ұлттық инженерлік академиясымен бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Жобаға Қытай мен Италияның жетекші ғылыми ұйымдары мен сарапшылары да қатысты.

Семинар аясында нақты өндірістік жағдайда қолдануға арналған отандық бес мобильді және өнеркәсіптік роботтың тәжірибелік үлгілері таныстырылды. Олар цехішілік логистика, бөлшектерді тасымалдау, нүктелік дәнекерлеу және автомобиль шанағының элементтерін таңбалау сияқты өндірістік операцияларды орындауға бейімделген. Қатысушылар роботтардың өндірістік процестердегі жұмысын тәжірибе жүзінде тамашалады.

Іс-шара барысында өнеркәсіпке робототехникалық технологияларды енгізу және жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлау мақсатында Allur компаниясымен бірлесіп құрылып жатқан Автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект технологиялары құзыреттілік орталығының (R&D орталығының) салтанатты ашылуы өтті. Жаңа орталық ғылыми зерттеулерді өндірістік практикамен ұштастырып, инновациялық инженерлік шешімдерді әзірлеуге және оларды өндіріске енгізуге бағытталады.

Ғылыми бағдарлама аясындағы іс-шаралар жалғасады. 16 шілдеде Алматы қаласындағы Тұран университетінде Қытай ғылым академиясының Шэньян автоматтандыру институтының профессорлары Люй Пэн мен Чан Юнның қатысуымен халықаралық ғылыми семинар өтеді. Семинар барысында роботтарды басқару жүйелерінің архитектурасы, кинематикалық модельдеу әдістері және заманауи робототехникалық технологиялар бойынша ғылыми баяндамалар ұсынылады.