
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасындағы Канада Төтенше және Өкілетті Елшісі Кристофер Дагганмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар жоғары білім, ғылым, инновациялар және академиялық ұтқырлық салаларындағы Қазақстан-Канада ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен оны дамытудың перспективалық бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, университетаралық байланысты кеңейту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ғылыми ұйымдар арасындағы серіктестікті дамыту, жоғары білікті кадрлар даярлау саласындағы озық тәжірибемен алмасу, сондай-ақ екі елдің білім беру және ғылыми мекемелері арасындағы тікелей байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Министр Қазақстан жоғары білім мен ғылым жүйесін интернационалдандыру бағытын дәйекті түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. Халықаралық академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту отандық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін және елдің ғылыми әлеуетін арттырудың негізгі факторларының бірі ретінде қарастырылатынын жеткізді. Осыған байланысты қазақстандық тарап Канаданың жетекші университеттерімен, зерттеу орталықтарымен және ғылыми ұйымдарымен өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
Сонымен қатар тараптар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы аясындағы ынтымақтастықты дамыту, жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстарды кеңейту, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу бастамаларын іске асыру перспективаларын талқылады.
Өз кезегінде, Қазақстандағы Канада Төтенше және Өкілетті Елшісі Кристофер Дагган екіжақты ынтымақтастықтың даму қарқынын жоғары бағалап, ғылым және жоғары білім саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға Канада тарапының дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ ол екі елдің университеттері мен ғылыми ұйымдары арасындағы бірлескен жобаларды қолдаудың маңыздылығын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты одан әрі дамытуға, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге және ғылым, жоғары білім, жоғары білікті мамандар даярлау, сондай-ақ екі мемлекеттің ғылыми-білім беру әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға бейілділігін растады.