Бүгін Абай университетінде «Мектеп және жоғары оқу орнындағы білім берудегі Алтын Орда тарихы» атты халықаралық ғылыми дөңгелек үстел өтті. Отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, тарихшылар мен педагогтар Жошы ұлысының мұрасын заманауи білім жүйесіне интеграциялаудың жаңа тұжырымдамасын талқылап, мектеп оқулықтары мен ЖОО білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға бағытталған қарар қабылдады.
Халықаралық басқосу Алтын Орданың ортағасырлық Еуразия тарихындағы, соның ішінде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуындағы іргелі рөлін заманауи ғылыми жетістіктер тұрғысынан зерделеуді мақсат етті. Жиында университеттің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан, Түркияның Анкара университетінің профессоры Абдуллах Гюндогду, тарихшы Қанат Өскенбай, Абай атындағы ҚазҰПУ доценті Факия Шамшиденова, сондай-ақ тарих пәнінің мұғалімдері мен докторанттар баяндама жасады. Спикерлер Жошы ұлысының тарихнамасы мен оны бүгінгі буынға оқытудың әдістемелік ерекшеліктерін жан-жақты талдады.
Ғылыми жиында қабылданған қарардың басты бағыттарының бірі – тарих пәнінің оқыту жүйесін жаңғырту. Ғалымдар мен оқытушылар «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» оқулықтарындағы Алтын Орда тарихына қатысты тарауларды қайта қарауды ұсынды. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес Ұлық ұлыс тек әскери мемлекет емес, дамыған қала мәдениеті, өркендеген сауда жүйесі, озық дипломатиясы мен бірегей құқықтық институты қалыптасқан ортағасырлық өркениет ошағы ретінде сипатталуы тиіс. Оқу үдерісін заман талабына сай цифрландыру үшін интерактивті карталар, маңызды тарихи нысандардың 3D модельдері мен деректі-танымдық анимациялық материалдарды енгізу де қарастырылды.
Сонымен қатар жоғары білім беру бағдарламаларының мазмұнын тереңдету мақсатында маңызды қадамдар жасалмақ. Жиында Еуразия кеңістігіндегі тарихи процестерді терең түсіндіру үшін жоғары оқу орындарында «Алтын Орда: мемлекет, қоғам, мәдениет» атты міндетті базалық пән енгізу туралы бастама көтерілді. Оған қоса, тарих бағытында бакалавриат және магистратура деңгейінде Жошы ұлысының тарихнамасы, деректануы мен археологиясына арналған элективті пәндік бағдарлама әзірленеді. Студенттер мен жас зерттеушілердің ортағасырлық жазба дереккөздерімен тікелей жұмыс істеу дағдыларын арттыру үшін ғылыми-практикалық семинарларды тұрақты ұйымдастыру да жоспарланған.
Аталған стратегиялық міндеттерді үйлестіру және халықаралық ғылыми-сараптамалық орталық қалыптастыру мақсатында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Тарих және құқық факультеті жанынан «Алтын Орда өркениеті және Шығыс қолжазба мұрасы» ғылыми-зерттеу орталығы құрылады. Бұл орталық талантты жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, археологиялық экспедицияларға, шетелдік мұрағаттардағы зерттеу жұмыстарына тартумен және академиялық ұтқырлықты қамтамасыз етумен айналысады.